Қазақстандықтар eGov.kz жұмысындағы ақауларға шағымданды

Қазақстандықтар eGov.kz порталы мен мобильді қосымшасының жұмысы уақытша тұрақсыз болғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстандықтар eGov.kz порталының жұмысы тұрақсыз болғанын хабарлады. Кейбір қолданушылар сайтқа кіре алмаған болса, енді бірінде мемлекеттік қызметтерді пайдалану кезінде беттер баяу жүктеліп, түрлі қателер шыққан.
Осындай қиындықтар eGov Mobile қосымшасында да байқалды.
Пайдаланушылар жеке кабинетке кіргенімен, кейбір бөлімдер ұзақ ашылып, қатып қалып немесе уақытша қолжетімсіз болған.
"Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, ақаулар жоспарлы техникалық жұмыстарға байланысты болған.
"eGov.kz порталында жүйенің жекелеген компоненттерін жаңарту және тестілеу бойынша жоспарлы жұмыстар жүргізілді", – деп хабарлады компания.
ОқыңызВедомство өкілдерінің айтуынша, техникалық жұмыстар аяқталған. Қазіргі уақытта барлық сервистер штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
"Қазір жұмыстар толық аяқталды, сервистер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр. Түсіністік танытып, кері байланыс берген пайдаланушыларға алғыс айтамыз", – деп мәлімдеді "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ.
Еске салайық, бұған дейін 2026 жылдың 12 шілдесінен бастап жер учаскесіне мемлекеттік акт беру қызметі толықтай онлайн форматқа көшірілді. Енді өтініш тек eGov.kz порталы арқылы қабылданады, ал Халыққа қызмет көрсету орталықтары бұл қызметті көрсетпейді. Бұған дейін азаматтар өтінішті ХҚКО-ға барып тапсыратын болса, қазір қызметтің басым бөлігі цифрлық форматта рәсімделеді. Онлайн өтініш беру мүмкіндігі жоқ азаматтар ХҚКО-дағы өзіне-өзі қызмет көрсету аймағын пайдалана алады.