"72 рет пышақ сұғар едім": Желіде Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты пікір жазған ер адам ұсталды

Желіде белгісіз ер адам Нұрай Серікбайға қатысты алаңдатарлық пікір қалдырды. Осыдан кейін марқұмның отбасының адвокаты желі қолданушысының үстінен арыз жазған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде орынсыз пікір туралы марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай мәлімдеді. Оның айтуынша, TikTok желісінде Нұрайға 36 рет пышақ жарақаты салынғаны туралы видеоның астына @dkraken9 (Дәурен) есімді қолданушы "72 рет пышақ тығар едім" деген пікір жазған.
ОқыңызБұл жағдайға марқұмның отбасының адвокаты жауап беріп, құқық қорғау органдарына арызданғанын айтты.
“Осыған байланысты мен, жәбірленуші Нұрайдың өкілі ретінде, Шымкент қаласы полиция департаментіне аталған @dkraken9 аккаунтының иесін анықтап, оны заң талаптарына сәйкес жауапкершілікке тарту туралы арыз жолдадым”, – деді Аянхан Омаров.
Пікір Нұрайға емес сотталушыға бағытталыпты
Кейін адвокат Аянхан Омаров пен марқұмның ағасы Сұлтан Серікбай пікір иесін полиция тауып бергенін мәлімдеді.
“TikTok қолданушыларының бірі: "Нұрайға 72 рет пышақ сұғар едім" деген пікір қалдырған еді. Жазба таңғы сағат 10:00-де жарияланды. Қазір уақыт – 20:17. Демек 10 сағатқа жетер-жетпес уақыт ішінде полиция қызметкерлері бұл пікірді жазған адамның жеке басын анықтады. Қазір ол сіздердің алдарыңызда тұр және өз мәлімдемесін жасағысы келеді”, – деді Нұрайдың ағасы.
Ал жазба астына пікір жазған қолданушы өз әрекеті үшін кешірім сұрады. Сонымен қатар ол пікірі Нұрайға емес, күдікті Шерхан Аймаханға бағытталғанын жеткізді.
“Мен ешқашан қылмысты да, қылмыскерді де қолдаған емеспін және қолдамаймын. Егер жазған пікірім Нұрайдың жақындарына немесе оның отбасына ауыр тиген болса, шын жүректен кешірім сұраймын! Ешқандай жаман ниетім болған жоқ. Пікірім тек қылмыскерге қатысты жазылған”, – деді желі қолданушысы.
Ал адвокат Аянхан Омаров әлеуметтік желі ойға келгенді жазатын орын емес екенін жеткізді.
“Әлеуметтік желідегі пікірлерді тұрақты түрде бақылап, саралап отырамыз. Нұрай мен оның отбасының ар-намысына тиетін, қорлайтын немесе жағымсыз пікір қалдырған әрбір қолданушының жеке басы анықталады. Сондықтан баршаңызды әлеуметтік желіде пікір жазбас бұрын ойланып, барынша сақ болуға шақырамыз”, – деді адвокат.
Пікір иесі жазаланды
Адвокат Аянхан Омаров пікір иесіне әкімшілік хаттама толтырғанын айтты. Алдағы уақытта іс сотта қаралып, желі қолданушысына айыппұл салынуы мүмкін екен.
“@dkraken9 аккаунтының иесіне полиция Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырды. Алдағы уақытта іс сотта қаралады. Заңға сәйкес, құқық бұзушыға 20 АЕК (86 500 теңге) мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынуы мүмкін. Бұл іс әлеуметтік желідегі жарияланған пікірлердің де құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін көрсетеді”, – деп жазды адвокат.
Адвокат істің барысы туралы алдағы уақытта хабарлап отыратынын айтты. Себебі, аталған тұлғаның осы мағыналас басқа да пікірлер жазғаны белгілі болыпты.
Істің мән-жайы
Еске салайық, қаңтарда Шымкентте 21 жастағы студентті жас жігіт асқан қатыгездікпен пышақтап өлтірген еді. Нұрай Серікбай оқиға орнында тіл тартпай кетті. Күдікті көзі тірісінде қыздың қыр соңынан қалмай, тіпті алып қашқаны да анықталған. Полиция адам өлтіру мен сталкинг баптары бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізуде.
Алайда араға үш ай салып 28 жастағы жігіттің уақытша ұстау изоляторынан Талғардағы психикалық орталыққа ауыстырылғаны белгілі болды. Марқұмның туыстары күдіктінің анықтама алып, жауапкершіліктен құтылып кетуі мүмкін екенін айтып, дабыл қақты.
Артынша ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов сот-психиатриялық сараптамаға сәйкес, айыпталушы есі дұрыс деп танылғанын және заң алдында жауап беретінін хабарлады.
Бұған дейін Нұрайдың отбасы сот отырыстарының тікелей эфирде көрсетілуін талап еткен.
Айыптау актісі қандай?
Биыл 23 шілде күні Шымкентте Нұрай Серікбайды өлтіру ісіне қатысты алдын ала сот тыңдауы өтті. Мемлекеттік айыптаушы Мадияр Әбілқасымов сотта айыптау актісін жариялап, сотталушы Шерхан Аймаханға тағылған үш эпизод бойынша айыптың мән-жайын баяндады.
Прокурордың сөзінше, күдікті Шерхан Аймахан әуелі Нұрайды кездесуге шақырған. Алайда Нұрай одан бас тартқан. Сосын ол қыздың үй жағына келіп, оның дүкенге шыққан сәтінде әуелі 5 рет пышақтап, қашып кеткен. Кейін бастаған ісін аяқтау үшін қайта келіп 30 рет пышақ сұққан.
Нұрайдың адвокаттары мен жақындары істің тікелей эфирде көрсетілуін сұрады. Алайда, оған сотталушы тарап келіспей, қарсы шықты. Екі жақты келісім болмаған соң судья сот процесінің тікейлей көрсетілмеймінін айтты.
Қазақстандағы ең табысты банктердің рейтингі жаңарды