Қазақстанда интернет арқылы жалған дипломдар сатылып келген

Қазақстанда жалған жоғары білім дипломдары интернет арқылы сатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Prg.kz ақпараттық жүйесінің есебіне сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметке сәйкес, қазақстандық интернет кеңістігінде осындай 20 интернет-ресурс пен 46 жалған диплом анықталған. Енді бұл сайттардың иелері мен әкімшілерінің әрекетін құқық қорғау органдары тексереді.
Ғылым және жоғары білім министрлігі елде 1991 жылдан бері берілген дипломдарды цифрландыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл түпнұсқа білім туралы құжаттарды жалған дипломдардан ажыратуға мүмкіндік береді.
“Бірегей нөмірі мен QR-коды жоқ дипломдар жарамсыз болып саналады. Сондай-ақ заң бойынша жалған құжат жасау немесе оны пайдалану айыппұл салуға, қоғамдық жұмыстарға тартуға, бас бостандығын шектеуге немесе екі жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкелуі мүмкін”, – деп мәлімдеді ведомство.
Білім туралы құжаттардың түпнұсқалығын тексеру үшін 1991 жылдан бері берілген барлық дипломдар енгізілетін бірыңғай деректер базасы құрылған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Ақерке Абылайханның айтуынша, министрлік жоғары оқу орындары түлектеріне берілетін дипломдардың мазмұны мен сериясына қойылатын негізгі талаптарды бекіткен. Ол дипломдар арнайы модуль арқылы рәсімделіп, оларға бірегей нөмір мен QR-код берілетінін айтты. Жүйеге тек осы модульде тіркелген және ресми жауапты қызметкерлер ғана қол жеткізе алады деп атап өтті.
Еске салайық, министрлік білім беру туралы құжаттардың өзіндік үлгісінің мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды, сондай-ақ жоғары оқу орындары түлектеріне арналған осындай құжаттардың серияларын бекіткен.
Дипломдар арнайы модуль арқылы бірегей нөмірлер мен QR кодтар беру жолымен белгіленеді. Жүйеге қол жеткізу құқығы осы модульде тіркелген, ресми түрде жауапты университет қызметкерлеріне ғана беріледі.
Дипломдарды генерациялау "Жоғары білім берудің бірыңғай платформасы" (ЖББП) ақпарат жүйесіндегі білім алушылар туралы деректер негізінде жүзеге асады. Егер білім алушы туралы ақпарат ЖББП-да болмаса, диплом нөмірін қалыптастыру мүмкін емес.
Алматыда Шымкенттен 17 есе жоғары: Қазақстанның қай өңірлерінде жаңа жұмыс орындары көп ашылады
Оқыңыз