Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жуынсам да өз денемнен жиіркенемін": Қазақстандық белгілі журналист бес жасында зорлық көргенін айтты

Маңғыстаулық 39 жастағы Игорь Сахар бес жасында отыздан асқан ер адамнан зәбір көрген. Айтуынша, ауруханаға ауырып түскен ол бір палатада ата-анасыз жалғыз қалған. Баланың жалғыздығын пайдаланғанын ер адам арам ойын жүзеге асырыпты. Кейін біреуге айтсаң анаңды өлтіремін деп қорқытқан. Содан бері оның мінезі өзгеріп, тұйықталып, тіпті сөйлемей қалған. Тек 27 жасқа келгенде анасының тым қатты қамқорлығынан шаршап, алғаш зорланғанын айтыпты. Журналиспен Stan.kz тілшісі тілдесті.

 

“Жуынсам да өз денемнен жиіркенемін”

Игорь Сахор бірнеше жыл бұрын еліміздегі танымал телеарналардың бірінде тележүргізуші болып қызмет атқарды. Қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, халықтың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп жүрген журналистің бала кезінде зорлық-зомбылықтың құрбаны болғанын осы уақытқа дейін ешкім білмеген.

“Мұны халық алдында алғаш рет айтып тұрмын. Бұл – оңай тақырып емес. Ер азамат бола тұра, зорлықтың құрбаны болғанымды мойындау маған ұзақ уақыт бойы ұят көрінді. Себебі қоғам бізді естуге дайын емес”, – деп күрсінді Игорь.

Қазір ол Америка Құрама Штаттарында тұрады. Айтуынша, шетелге қоныс аудару өз-өзін қабылдап, өткен өміріндегі ауыр жарақатпен бетпе-бет келуге және оны еңсеруге көмектескен.

“Уақыт өте келе өмірімнің өзгеріп жатқанын, ішкі күйзелістің мені әлі де мазалайтынын түсіндім. Себебі балалық шағымда болған сол оқиға есейген Игорьдің өміріне пайдасынан гөрі зиянын көбірек тигізді. Мен бұл жарақатпен ұзақ жылдар бойы жұмыс істедім: психологиялық көмек алып, өзімді емдеуге тырыстым. Бірақ мұндай жараның ізі ешқашан толық өшпейді. Осындай жағдайды бастан өткерген адам ұзақ уақыт бойы күйзеліспен өмір сүреді”, - деп басынан өткен жағдайын баяндап бастады.

“Менің басымнан өткен оқиға 1991 жылы болды. Бала күнімде қандай дерт екенін білмеймін, жұқпалы ауруға шалдығып, анам мені ауруханаға жатқызды. Ол кезде ауруханаларда орын тапшы болатын. Сондықтан балалар мен ересектерді бір палатаға орналастыратын. Сол кезде жасы 30-дан асқан ер адаммен бірге жаттым. Ол кезде небәрі бес жаста едім. Бір түні әлгі адам мені жанына шақырып, маған жыныстық зорлық көрсетті. Кейін бұл туралы біреуге айтсам, анамды өлтіретінін айтып қорқытты. Сол күннен бастап мінезім күрт өзгерді. Тұйықталып, біраз уақыт мүлде сөйлемей қалдым. Кейін қазақы ырым-жоралғылар жасалғаннан кейін ғана қайта тілге келдім. Әлгі адамның түрін ғана емес, тіпті аты аталғанның өзінде қатты қорқатын жағдайға жеттім. Болған оқиғаны ешкімге айтпай, жүрегімнің түбіне көміп, ұзақ жылдар бойы ішімде сақтап келдім", – деді Игорь.

Игорь анасының тым қамқорлығынан шаршап 27 жасында алғаш рет бастан кешкенін жайып салыпты.

“27 жасымда анамның шектен тыс қамқорлығына қарсы тұра бастадым. Сол кезде алғаш рет ішімде жылдар бойы сақталған ауыр сөздерді айттым. "Анашым, егер сіз мені соншалықты жақсы көріп, қорғаған болсаңыз, мен бес жасымда зорлық көргенде қайда болдыңыз? Менің өзгергенімді байқамадыңыз ба? Сөйлемей қалғанымды көрмедіңіз бе? Қазір маған ақыл айтып отырсыз, бірақ маған сіз дәл сол кезде керек едіңіз. Енді менің өміріме араласпаңыз"дедім. Анам маған әрдайым өте қатты қамқорлық танытатын. Қасынан бір қадам ұзатпайтын. Бірақ соған қарамастан, баласы осындай қасіретті жағдайға тап болды", – деп күйінішін жеткізді Игорь.

39 жастағы Игорьдің айтуынша, бүгінде ол отбасы құрып, бала сүюге дайын емес. Мұндай шешіміне балалық шағында бастан өткерген ауыр оқиға әсер еткенін жасырмайды.

"Сол жағдайдан кейін мен өмірге бала әкелгім келмейді. Өз баламның да осындай қасіретке тап болуынан қорқамын. Оның өмірінің бұзылғанын қаламаймын. Жуынсам да өз денемнен жиіркенемін. Мүмкін, уақыт өте келе бұл ойым өзгерер. Бірақ соңғы кездері осы сезімнен арыла алмай жүрмін. Кейде бәрі менімен бірге аяқталса екен деген ойлар да келеді", – дейді Игорь.

Психиатр Гүлдана Медеубекқызының айтуынша, педофилия жеке ауру ретінде қарастырылмайды. Ол жыныстық әуестіктің бұзылыстары қатарына жататын, бірнеше фактордың ықпалынан дамуы мүмкін психикалық бұзылыс.

“Қазіргі ғылыми зерттеулерге сүйенсек, педофилияның пайда болуына әсер ететін нақты бір ғана себеп анықталған жоқ. Сондықтан оны тұқым қуалайтын бұзылыс деп айтуға негіз жоқ. Оның дамуына адамның әлеуметтік ортасы, алған тәрбиесі, бала немесе жасөспірім кезінде бастан өткерген психологиялық жарақаттары, эмоционалдық даму ерекшеліктері және кейбір гормондық өзгерістер ықпал етуі мүмкін”, – дейді психиатр.

Қазақстан педофилдері картасында 2016 жылдан бастап кәмелетке толмағандарға қарсы жыныстық қарсы қылмыс жасап сотталып шыққандардың аты жөні, фотосуреті интернетте ашық жарияланады.

Педофилдердің тұрғылықты жері көрсетілетін картаны алғаш жасаған – АҚШ. 1994 жылы Нью Дерси штатында 7 жастағы Меганды көршісі күшік көрсетемін деп үйіне алдап кіргізіп, айуандық жасаған. Перзентінен айырылған ата-ана “егер көршіміздің бұрын бала зорлап, сотталғанын білсек, қазір қызымыз тірі болушы еді” деп құқық қорғау органдарына наздарын айтқан.

Шу шыққан соң, арада екі жыл өткенде елде "Меган заңы" деп аталатын заң қабылданады. Оған сәйкес, жыныстық қылмыс жасап, сотталғандардың қайда тұратыны туралы ақпарат жарияланады.

Үйіңіздің маңында педофил тұра ма, жоқ па өзіңіз де тексере аласыз. Ол үшін картаға кіріп, мекенжайыңызды енгізсеңіз жеткілікті. Қазір картада 536 педофил туралы ақпарат бар. Бұл көрсеткіш бойынша Алматы, Түркістан және Қызылорда облыстары алдыңғы қатарда тұр. 

Толығырақ  Stan.kz YouTube арнасынан көріңіздер

 

 

 

 

 

 

Stan.kz
Бейсенбі, 06 Тамыз, 2026 10:30