2026 жылы қай бағыттарға көп білім гранты бөлінді

Бүгін 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық комиссияның отырысы өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қай бағытқа сұраныс көп?
Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 127 мыңнан астам өтінім берген. Талапкерлердің көбі "Педагогикалық ғылымдар", "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары" және "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" бағыттарындағы мамандықтарды таңдады.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті төрағасының орынбасары Жанна Есинбаева гранттардың еңбек нарығының білікті кадрларға қажеттілігіне сәйкес бөлінгенін айтты.
Қай бағыттарға көп грант бөлінді?
- Инженерлік-техникалық бағыт – 60%;
- Педагогикалық бағыт – 20%;
- Басқа бағыттарға – 20% бөлінді.
“2026-2027 оқу жылына бакалавриат бағдарламалары бойынша шамамен 75 мың білім беру гранты қарастырылды. Конкурсқа 127 мыңға жуық өтініш қабылданып, гранттар ҰБТ нәтижелері, талапкерлердің таңдауы және заңнамада белгіленген квоталар ескеріле отырып тағайындалды”, – дейді Жанна Есинбаева.
ОқыңызМемлекеттік білім беру гранттарын тағайындау конкурсының қорытындысы 2026 жылы 7 тамыз күні сағат 15.00-де жарияланады.
Сонымен қатар, талапкерлерге жоғары оқу орындарына құжат қабылдау 2026 жылдың 25 тамызына дейін жалғасатыны айтылды.
Бұған дейін Қазақстанда талапкерлер енді грантқа өтінімді жаңартылған eGov жүйесі арқылы бере алатыны туралы жазған едік. Қазақстанда мемлекеттік білім грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін өтінім қабылдау 13–20 шілде аралығында өтеді. Құжаттарды eGov.kz порталы мен eGov mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн тапсыруға болады.
Қазақстанның қай өңірлерінде жаңа жұмыс орындары көп ашылады