Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

2,4 миллион теңге: Қазақстанда қай мамандықтарға жоғары жалақы ұсынылатыны жарияланды

ең жоғары жалақы
Фото: magnific.com

2026 жылдың шілде айында Қазақстанда жұмыс берушілер ең жоғары жалақыны бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісіне ұсынған. Enbek.kz электрондық еңбек биржасының мәліметінше, осы қызметтің айлығы шамамен 1,12 миллион теңге. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарының қатарында бағдарламалық қамтамасыз ету сәулетшісі (шамамен 1,12 млн теңге), ұшу қауіпсіздігі жөніндегі инженер-инспектор (шамамен 910 мың теңге) және маркетинг және өнім өткізу бөлімінің бастығының орынбасары (шамамен 900 мың теңге) бар.

Ал ең жоғары жалақы күткен үміткерлер – ұшқыштар (шамамен 2,39 млн теңге), стюардессалар (шамамен 1,43 млн теңге) және электр станциясының басшылары (шамамен 1,32 млн теңге).

Жалпы, шілде айындағы көрсеткіштер еңбек нарығында жұмыс іздеушілер белсенділігінің артқанын көрсетеді. Бұл үрдіс негізінен оқу орындары түлектерінің еңбек нарығына шығуымен байланысты. Жыл басынан бері Enbek.kz платформасында 709 мың бос жұмыс орны мен 877,2 мың түйіндеме жарияланған.

2026 жылдың шілде айында Электрондық еңбек биржасы Enbek.kz платформасында жұмыс берушілер 104,6 мың бос жұмыс орнын жариялады. Ал жұмыс іздеушілер тарапынан 141,2 мың түйіндеме орналастырылған.

Маусыммен салыстырғанда бос жұмыс орындарының саны 3,8%-ға азайса, түйіндемелер саны 11,5%-ға өскен. Бұл жаз мезгіліне тән үрдіс: еңбек нарығына оқу орындарының түлектері белсенді шығып, жұмыс іздеушілер саны артады.

Салалар бойынша ең жоғары сұраныс білім беру саласында тіркелді – 23,4 мың бос жұмыс орны. Одан кейін қызмет көрсету саласы (16 мың), денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету (10,3 мың), ауыл, орман және балық шаруашылығы (8,2 мың), өңдеу өнеркәсібі (6,8 мың) мен құрылыс (5,7 мың) келеді.

Өңірлер арасында ең көп бос жұмыс орны Астанада (8,8 мың), Түркістан облысында (7,6 мың), Павлодар облысында (7,1 мың), Алматы қаласында (7 мың) және Ақмола облысында (6,9 мың) жарияланған.

Біліктілік деңгейі бойынша жұмыс берушілердің сұранысының 38,8%-ы орта буын мамандарына, 30,7%-ы төмен білікті қызметкерлерге, ал 30,5%-ы жоғары білікті мамандарға тиесілі.

Шілде айында жарияланған 141,2 мың түйіндеменің 54%-ын 35 жасқа дейінгі азаматтар болды. 35–44 жас аралығындағылардың үлесі – 25%, 45–54 жас аралығындағылар – 14%, ал 55 жастан асқандар – 7%. Гендерлік тұрғыдан жұмыс іздеушілердің 57%-ы әйелдер, 43%-ы ерлер болды.

Еске салайық, бұған дейін маусым айында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Enbek.kz электронды еңбек биржасында ең жоғары жалақы ұсынылған бос жұмыс орындарын жариялаған еді. Сол кезде ең жоғары еңбекақы дивизион директорына – шамамен 1,98 миллион теңге, басқарма басшысының орынбасарына – 1,38 миллион теңге, ал ұңғыма инженеріне – 1,31 миллион теңге ұсынылған. Ал ең жоғары жалақыны күткен үміткерлер қатарында ұшқыштар (3,4 миллион теңге), жүйелік сәулетшілер (2,5 миллион теңге) және хирург-дәрігерлер (2 миллион теңге) болған.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 06 Тамыз, 2026 16:00