Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Өзіме емес, өзгеге жұмсадым": Алуа Қонарова неге әлі күнге дейін баспанасыз жүргенін айтты

Алуа Қонарова
Фото: Instagram.com/aluakonarova

Танымал продюсер Алуа Қонарова журналист Аман Тасығанға берген сұхбатында орындалмай жүрген армандары, қаржыға көзқарасы және өмірлік басымдықтары туралы ашық айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Продюсердің айтуынша, әзірге миллиондаған доллар табу мен өз баспанасын сатып алу арманы орындалмай келеді. Дегенмен ол мұны үлкен өкінішке айналдырмайтынын жеткізді.

“Әрине, өз үйім болғанын қалаймын. Бірақ кейін ойлайсың, мүмкін бес жылдан кейін бұл елде тұрмаспын. Басқа мемлекетке көшіп кетермін. Жалдамалы пәтерде тұрып та өмір сүруге болады. Егер үй алуға мүмкіндік болса – аламын, болмаса, оған өкінбеймін”, – деді ол.

Қонарова ұзақ жылдар бойы өзін емес, өнердегі шәкірттерін бірінші орынға қойғанын айтты. Сол себепті кезінде пәтер сатып алуға мүмкіндігі болса да, қаражатын өзіне емес, шығармашылық ұжымына жұмсаған.

Оның сөзінше, бірнеше жыл қатарынан өнерпаздарымен бірге Таиландқа демалыс ұйымдастырып, барлық шығынды өзі көтерген.

“Өзім туралы мүлде ойламаппын. Бар қаражатымды жігіттерге, шығармашылыққа салдым. Карантин кезінде ғана қолымда ештеңе қалмағанын түсіндім. Сол кезде кезінде ақша жинап, пәтер алуыма болатын еді деп ойладым”, – деді продюсер.

Ол қазір де баспана алуға үміттенетінін, бірақ бәрі денсаулығы мен күш-қуатына байланысты екенін айтты.

Сонымен қатар Қонарова өзін материалдық дүниеге жақын адам санамайтынын жеткізді. Оның сөзінше, брендтік киімге, қымбат әшекейлерге немесе сән-салтанатқа қызықпайды.

“Мен брендке қарамаймын. Ұнаса, аламын. Қымбат киімге көп ақша жұмсауды ысырап көремін. Алтын тақпаймын, гауһар тастарым жоқ. Көлігім де болған емес”, – деді ол.

Продюсер үшін ең үлкен байлық – жаңа елдерді аралап, түрлі мәдениеттермен танысу.

“Ең үлкен арманым – көп саяхаттау. Боливияға, Туниске, Африкаға барғым келеді. Өмірден өтерде бір нәрсеге ғана өкінсем, ол – қалағанымша саяхаттай алмағаным шығар”, – деді Алуа Қонарова.

Еске салайық, бұған дейін продюсер Алуа Қонарова үшінші рет күйеуге шықпақ болғанын айтқаны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Бейсенбі, 06 Тамыз, 2026 17:28