Қазақстанның екі өңірінде "Қазақтелекомның" екі қызметкері ұқсас жұмыстарды орындау кезінде қаза тапты
Жамбыл және Қостанай облыстарында жөндеу жұмыс барысында "Қазақтелеком" компаниясының екі қызметкері қаза тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екі қайғылы оқиға да 4 және 5 тамыз күндері байланыс бағаналарын ауыстыру және бөлшектеу бойынша ұқсас жұмыстарды орындау кезінде болған.
Алғашқы оқиға Жамбыл облысының Аса ауылында байланыс тірегін автокран-манипулятор көмегімен ауыстыру кезінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, арнайы техника электр желісіне тиіп кетіп, салдарынан жұмысшы ток соғуынан қаза тапқан.
Қаза тапқан жұмысшы Азалхан Тұрсынов. "Қазақтелеком" АҚ компаниясында 2020 жылдан бері жұмыс істеп келген. Марқұмның артында әйелі мен екі баласы қалды.
Екінші қайғылы оқиға Қостанай облысының Әулиекөл ауданында тіркелді. 5 тамыз күні ескі байланыс тіректерін бөлшектеу кезінде автокран-манипулятордың ілмегі үзіліп кеткен. Құлаған тірек электромонтерді басып қалып, ол алған жарақатынан қаза тапты. Марқұм Мүбәрәк Бектауов 56 жаста болған.
"Қазақтелеком" компаниясы ақпаратты растап, екі дерек бойынша да уәкілетті мемлекеттік органдардың қатысуымен тергеу жүргізіліп жатқанын хабарлады.
"Осы оқиғалардан кейін жағдайларға қосымша талдау жүргізіліп, қолданыстағы бақылау шаралары күшейтіліп, болашақта мұндай қайғылы жағдайлардың алдын алуға бағытталған қосымша профилактикалық іс-шаралар қолға алынды", – делінген компания хабарламасында.
Компания қаза тапқан қызметкерлердің отбасыларына қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
Еске салсақ, бұған дейін Көкшетаудағы көлік жуу орнында 18 жастағы жұмысшы тоққа түсіп, қаза тапқаны туралы жазған едік.
Қазақстандық ер адам үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік сыйлады (видео)
