Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Allur Қазақстанда жолаушысы бар ұшқышсыз әуе таксиін алғаш рет сынақтан өткізді

Дрон
Фото: Руслан Мазунин. Астана аспанында ұшып жүрген EH216-S ұшқышсыз әуе аппараты

Қазақстандық автокөлік өндіруші Allur ұшқышсыз әуе көлігін дамыту жобасын қолға алды.

Allur компаниясы Қытайдың EHang компаниясымен және қазақстандық QazTehna машина жасау кәсіпорнымен бірлесіп, Қазақстанда тік ұшып-қона алатын жолаушыларға арналған ұшу аппараттарын (eVTOL) енгізуді, ал болашақта оларды елде өндіруді жоспарлап отыр.

Сауранбаев
Фото: Руслан Мазунин. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев EH216-S ұшқышсыз әуе аппаратымен ұшу алдында.

Жобаның алғашқы кезеңі ретінде Астанада EH216-S жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе аппараты алғаш рет әуеге көтерілді.

Ұшу көрсетілімі "Болашақ ойындары – 2026" халықаралық турнирі аясында арнайы рұқсат берілген аумақта ұйымдастырылды.

Іс-шараны Қазақстан Республикасы президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев құттықтау сөзбен ашты. Ол ұйымдастырушыларға алғыс айтып, бұл іс-шараның Мемлекет басшысы қойған Қазақстанды толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру міндеттері аясында жүзеге асып жатқанын атап өтті.

Куанышбек Есекеев
Фото: Руслан Мазунин. Қазақстан президентінің көмекшісі Қуанышбек Есекеев
"Мұндай ұшу аппараттары үшін ең маңыздысы – олардың сенімділігі. Бұл тұрғыда Қазақстан өзін тиімді сынақ алаңы ретінде көрсетті. Бүгінгі ұшу алдыңғы қатарлы әуе мобильдігін және еліміздің цифрлық экономикасын дамытудағы маңызды қадам болмақ. Сынақ ұшырылымының сәтті өтуіне, ұшудың қауіпсіз болуына және жаңа жетістіктерге шын жүректен тілектеспін", – деді Қуанышбек Есекеев.

Екі орындық аппарат сағатына 130 шақырымға дейін жылдамдықпен ұшып, 35 шақырымға дейінгі қашықтықты қосымша қуаттаусыз еңсере алады. Allur компаниясының пікірінше, бастапқы кезеңде мұндай аппараттар Қазақстанның табиғи және тарихи көрікті жерлерінің үстінде 5-тен 30 минутқа дейін созылатын көрсетілім және туристік ұшулар үшін пайдаланылуы мүмкін.

Қазақстан Республикасының Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев әуе аппаратын өзі сынақтан өткізіп көрді. Ұшып, жерге қонғаннан кейін министр журналистерге алған әсерін бөлісті.

Фото: Руслан Мазунин. Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев EH216-S ұшқышсыз әуе аппаратымен ұшу алдында
"Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын. Олар өте ауқымды жұмыс атқарды, өйткені алғашқы қадамды жасау әрдайым қиын. Мемлекет тарапынан барлық заңдар мен қажетті нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Келесі қадам – мұндай ұшқышсыз аппараттарды туристік бағыттарда пайдалану. Ұшу кезінде ешқандай қорқыныш болған жоқ, өйткені бұл – Қытайда сынақтан өткен, тиімділігі дәлелденген технология", – деді Нұрлан Сауранбаев.

Алдағы уақытта мұндай аппараттарды қолдану аясын кеңейту жоспарланып отыр. Жолаушыларды тасымалдаудан бөлек, ұшқышсыз аппараттар:

  • дәрі-дәрмек жеткізуге;
  • шұғыл медициналық көмек көрсетуге;
  • өрт сөндіруге және логистикалық міндеттерді орындауға пайдаланылуы мүмкін.

Жоба 2025 жылы Allur мен EHang компаниялары арасында жасалған стратегиялық келісім аясында жүзеге асырылып жатыр. Ынтымақтастықтың негізгі мақсаттарының бірі – Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе аппараттарының өндірісін жергіліктендіру.

Көрермендер
Фото: Руслан Мазунин. EH216-S ұшқышсыз әуе аппаратының сынақ ұшуына қатысушылар мен қонақтар

Бұл жаңа жұмыс орындарын ашуға, инженерлік қабілеттерді дамытуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.

Allur компаниясының даму жөніндегі директоры Александр Лаврентьев құттықтау сөзінде Қазақстанның бұл технологияларды енгізуде әлеуеті жоғары екенін атап өтті. Сондай-ақ ол заманауи технологияларды енгізу барысында мемлекет пен бизнестің күш-жігерін біріктірудің маңыздылығына тоқталды.

Александр Лаврентьев
Фото: Руслан Мазунин. Allur компаниясының даму жөніндегі директоры Александр Лаврентьев
"Инновациялар мен цифрлық технологияларды нақты өмірмен ұштастыратын халықаралық іс-шараның бір бөлігі болғанымыз – біз үшін үлкен мәртебе. Аппараттың алғашқы ұшуы заманауи технологиялардың әлеуетін көрсетіп қана қоймай, жобаны жүзеге асыруға бағытталған маңызды қадам болды", – деді Александр Лаврентьев.

Оның айтуынша, алғашқы кезеңде компания туристік бағытты дамытып, ұшу аппаратарына арналған заманауи инфрақұрылым құруды жоспарлап отыр. Келесі кезеңде бұл аппараттардың өндірісін Қазақстанда жолға қойып, оларды кеңінен қолдану көзделген.

EH216-S
Фото: Руслан Мазунин. EH216-S ұшқышсыз жолаушыларға арналған әуе аппараты

Лаврентьевтің айтуынша, компания ұшу аппараттарын өндіру технологиясын толық меңгеруді көздеп отыр. Оның ішінде сыйымдылығы жоғары әрі ұшу қашықтығы ұзақ заманауи үлгілерді де Қазақстанда өндіру жоспарланған.

"Мүмкін, болашақта Қазақстанда пайдалануға сертификатталған өз аппаратымызды жасап шығаратын шығармыз. Меніңше, бұл бес жылға созылатын жоба емес, шамамен екі жылдық кезеңде жүзеге асып қалады. Бізде аппаратты құрастыруға да, оның бөлшектерін өндіруге де мүмкіндік бар. Мұнда автокөлік өндірісімен салыстырғанда процесс әлдеқайда қарапайым. Электрқозғалтқыштар мен батарея технологиялары жақсы зерттелген, сондықтан мұндай аппараттардың болашағы зор", – деді ол.

Сонымен қатар Лаврентьевтің айтуынша, Allur тек EHang компаниясымен ғана емес, ұшу аппараттарын өндіруге маманданған басқа да серіктестермен ынтымақтастық орнатқан.

Александр Лаврентьев
Фото: Руслан Мазунин. Allur компаниясының даму жөніндегі директоры Александр Лаврентьев

Allur компаниясы үшін бұл жоба дәстүрлі автокөлік өндірісінің аясынан шығуды білдіреді. Компания бірнеше жылдан бері Қазақстанда автокөлік өндірісін жергіліктендіру бағытында жұмыс жүргізіп келеді. Енді ол жаңа саланың – ұшқышсыз авиация индустриясының қалыптасуына да атсалысуды жоспарлап отыр.

Дрон
Фото: Руслан Мазунин. EH216-S ұшқышсыз жолаушыларға арналған әуе аппараты

EH216-S дрон-мобилінің техникалық сипаттамалары:

  • екі жолаушыға арналған;
  • толығымен электр қуатымен жұмыс істейтін;
  • ең жоғары жылдамдығы – сағатына 130 шақырымға дейін;
  • ұшу қашықтығы – 35 шақырымға дейін;
  • ұшу-қону жолағынсыз тік ұшып, тік қона алады;
  • толықтай ұшқышсыз басқару жүйесімен жұмыс істейді.

Жобаның серіктесі – eVTOL технологиялары саласындағы әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Қытайдың EHang компаниясы. Бұл компания әлемде алғаш болып тік ұшып, тік қона алатын жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе аппаратарын коммерциялық пайдалануға қажетті рұқсаттардың толық пакетін алған.

EHang компаниясының сату жөніндегі директоры Даррен Сяоның айтуынша, алдағы уақытта компания Қазақстанның Көлік министрлігі мен авиация саласындағы уәкілетті органдардың жетекшілігімен Allur және QazTehna компанияларымен тығыз ынтымақтастық орнататын болады.

Даррен Сяо
Фото: Руслан Мазунин. EHang компаниясының сату жөніндегі директоры Даррен Сяо
"Бүгін біз тарихи оқиғаның куәсі болдық – Қазақстан мен Орталық Азиядағы жолаушыларға арналған алғашқы ашық көрсетілімдік ұшу өтті. Бұл күнді есте сақтаңыздар. Бүгін жолаушылар тасымалының басталуы ғана емес, Қазақстандағы әуе мобильділігі тарихындағы жаңа кезеңнің бастауы", – деді Даррен Сяо.

Егер жоба жоспар бойынша жүзеге асса, Қазақстан жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе аппараттары көрсетілім ұшулары аясынан шығып, қалалық көлік инфрақұрылымының бір бөлігіне айналған өңірдегі алғашқы елдердің бірі болуы мүмкін.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 06 Тамыз, 2026 20:15