Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ресейге жұмыс істеуге кеткен зейнеткер Қазақстанға келген соң сотталды

ресейге соғыс үшін кеткен қария
Фото: aa.com.tr

Жоғары жалақы іздеп Ресейге жұмысқа кеткен 64 жастағы шымкенттік азамат әскери келісімшартқа қол қойып, Украина аумағындағы қарулы қақтығыс аймағында қызмет атқарған. Қазақстанға оралғаннан кейін ол шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін сотталған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкенттік зейнеткер жоғары жалақы табу мақсатымен Ресейге кетіп, кейін Украина аумағындағы соғысқа тартылып, ақыры Қазақстанда қылмыстық жауапқа тартылды.

64 жастағы Марат К 2023 жылдың наурыз айында әйелін Шымкентте қалдырып, Ресейдің Түмен қаласына жұмыс іздеп кеткен. Алғашында дәнекерлеуші болып жұмысқа орналасқанымен, жылдың соңында жұмыссыз қалады. Жасы мен Ресей азаматы болмағандықтан, жақсы жалақы ұсынатын компаниялар оны жұмысқа алмаған. Елге қайтуға да жол қаражаты болмаған.

2024 жылдың ақпанында ол "Авито" сайтынан жүк көлігінің жүргізушілерін жұмысқа қабылдау туралы хабарландыруды көреді. Әңгімелесу барысында жұмыс беруші Ресей Қорғаныс министрлігі екенін айтып, әскери комиссариатқа жолдайды. Онда оған әскери билет рәсімдеп, кейін әскери келісімшартқа қол қою ұсынылады.

Осылайша Марат К әскери дайындықтан өтіп, әскери киім мен қару алып, Омбы, Ростов-на-Дону және Новороссийск арқылы Запорожье облысына жіберіледі. Ресми түрде ол десанттық-шабуылдау полкінің көздеушісі болып тіркелгенімен, өзі КамАЗ жүргізушісі ретінде құрылыс материалдары мен гуманитарлық жүктерді әскери бөлімдерге тасымалдағанын айтты.

Соттағы сөзінде ол ұрыс қимылдарына қатыспағанын, ешкімге оқ атпағанын және берілген автоматты кейін әскери бөлімге қайтарғанын мәлімдеді.
Жұбайының айтуынша, ол күйеуінің соғысқа қатысуына қарсы болған. Алайда Қазақстанда жасы ұлғайғандықтан жұмыс таба алмаған күйеуі өзін тек азық-түлік тасымалдаймын деп сендірген. Кейін отбасысына аздаған ақша жіберіп тұрған.2025 жылдың тамызында Қазақстанға оралған соң, оған қатысты Шымкент қаласының ұлттық қауіпсіздік комитеті Қылмыстық кодекстің шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу бабымен қылмыстық іс қозғады.

Сот Марат К-ның Ресей Қарулы күштерінің әскери бөлімдеріне азық-түлік пен басқа да материалдық-техникалық құралдарды тасымалдап, әскери тапсырмаларды орындағанын анықтады. Осыған байланысты оның әрекеті жалдамалылық белгілерінсіз шетел мемлекетінің аумағындағы қарулы қақтығысқа заңсыз қатысу деп танылды.

Тергеу барысында одан Ресей Федерациясының паспорты да табылған. Алғашқы сот үкімімен Марат К орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеуге арналған бес жылға бас бостандығынан айырылды. Кейін апелляциялық сот жазаны шартты жазаға ауыстырды. Қазір ол пробация қызметінің бақылауында.

Айта кетейік, Қазақстан азаматтары, әсіресе табыс табу мақсатында шетелге кеткендер, әскери келісімшартқа жиі тартылып жатыр. Бұған дейін Қазақстанда 2024 жылы жалдамалылық бойынша 17, ал шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысу бойынша 166 қылмыстық іс тіркелген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш айтарлықтай өсіп, қарулы қақтығысқа қатысу бойынша 709, жалдамалылық бойынша 28 іс қозғалған.

Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес:

  • шетелдегі қарулы қақтығысқа қатысқаны үшін 5 жылдан 9 жылға дейін бас бостандығынан айыру; 
  • жалдамалылық үшін 7 жылдан өмір бойына дейін бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу жазасы қарастырылған.

Кейбір жағдайларда Қазақстан азаматтығынан айыру мәселесі де туындауы мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Украина Ресей жағында соғысып жүріп тұтқынға түскен бірнеше Қазақстан азаматының оқиғасын жариялаған еді. Олардың айтуынша, бірі қаржылық қиындыққа байланысты жұмыс іздеп Ресейге барып, бірі қылмыстық жауапкершіліктен құтылу үшін, енді бірі жоғары жалақыға қызығып келісімшартқа қол қойған. Алайда кейін майдан шебіне жіберіліп, ауыр шайқастарға қатысып, тұтқынға түскен. Олар соғыстың шынайы көрінісін "ойыншық емес, тозақ" деп сипаттап, өзгелерді мұндай шешім қабылдамауға шақырған.

Айым Атамбаева
Жұма, 26 Маусым, 2026 12:19