Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанай облысында гастритпен ауыратын жігітті әскерге алып кетті: ол сотқа арызданды

Жігіттің арызы Қостанай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында қаралды. Ол "Қостанай облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті" РММ-нің үстінен шағым берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жігіт әскерге шақырылған соң, 2021 жылдың желтоқсанында медициналық шақыру комиссиясынан өткен. Оған сол кезде "Он екі елі ішектің тыртық деформациясы. Қайталанатын ойық жара " диагнозы туралы хабарлады. Алайда, комиссия құжатты назарға алмай, нәтижесінде бірауыздан "әскери қызметке жарамды" деп шешім  шығарды. Жігіт Ұлттық ұлан қатарына алынып, 2022 жылғы 29 желтоқсандағы бұйрықпен қызметке жіберілді.

Сот талқылауы барысында жауап беруші тарап қызмет орны бойынша Медициналық тексеру құжатын ұсынды. Қағазда талапкер Н.-де әскери қызметті өтеуге кедергі келтірмейтін “Катаральды антральды гастрит" ауруымен анықталғаны жазылған.



Осыған байланысты сот әскери-дәрігерлік сараптама тағайындады. Оған сәйкес, жігітке “Он екі елі ішектің цикатриялық деформациясы. Он екі елі ішектің қайталанатын ойық жарасы. Булбит. Фокусты антральды гастрит. Панкреатопатия” диагнозы қойылды. Сәйкесінше, жігіт әскери қызметті одан әрі жалғастыра алмайды.

Белгіленген жағдайларды ескере отырып, сот талапкердің талабын қанағаттандырды, даулы бұйрықты заңсыз деп танып, күшін жойды.

Шешім дереу орындалды.

Жауапкердің атына "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет өткеру үшін адамдардың денсаулық жағдайына қойылған талаптарды бекіту туралы" ҚР Қорғаныс министрлігінің 22.12.2020 жылғы №722 бұйрығын бұзғаны үшін тиісті шаралар қабылдау және алдағы уақытта осындай фактілерді болдырмау мақсатында жеке ұйғарым шығарылды.

Сот актілері заңды күшіне енген жоқ.

Талқылау