Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көршісі: Алмас Кішкенбаевтың анасы босанған соң жоғалып кетті, Алмасты әжесі бақты

Алмас Кішкенбаев әжесінің қолында өсті. Әжесін ана деп атады. Әнші қайда жүрсе, қарт анасының жағдайын уайымдайды. Кішкенбаевтың кішкентай кезі туралы әпкесі мен көршілер айтып берді. 

Бұл туралы "Ең алғашқы" бағдарламасында айтылды.

Әнші, "Super Star" жобасының жеңімпазы Алмас Кішкенбаев сахнадан алыстап кетті. Әнші өнерге қайта қадам басып, өмірінің жаңа парағын ашпақ ниетте. Жаңа әндер, жаңа қадамдар жасалмақ. Алмас Кішкенбаев отбасы, өткені мен алдағы жоспарларын ашып айтты. 

Алмас Кішкенбаев Қызылорда қаласының тумасы. Үйінің кенжесі. Алдында әпкелері, ағалары бар. Анасы 7 баланы асырау үшін 70 жасқа дейін жұмыс істеген. Алмас бала күнінен ән айтып, өскенде әнші болам деп талпыныпты. 

"Мен бала күнімнен ән айттым. Мектепте ән айттым. Менің әнші болатынымды бәрі білді. Түрлі байқауларға қатыстым. 10 жасымда Францияға бардым. Халықаралық байқауда жеңістерге жеттім. Маған мектеп директоры Шынәлі ағам көмектесті. Менің жарыстарға баруыма демеуші тауып берді. Кейде өзі демеуші болып, жол қаражатымды тауып беретін. Кейін 9-сыныптан соң колледжге түстім. Ол жерде де мұғалімдерім көмектесіп тұрды", - дейді Кішкенбаев. 

Алмас өзінің жетістікке жетуіне әуелі қарт анасы, одан кейін, өзін қолдаған күллі қазақ әйелдері мен Ләйлә Сұлтанқызының үлесі зор деп санайды. 

"Балалық шағым өткен үйде қазір ешкім тұрмайды. Ең үлкен ағам өмірден өтті. Содан кейін анам сырқаттанып қалды. Анам ұлының қолына кетті. Мен балалық шағым өткен үйдің ескіріп қалғанын көріп жылап қалдым. Анам бізді жалғыз өзі бақты. Менің үмітімді ақтаңдар дейтін еді. Бұзықтық жасамаңдар деуші еді. Содан кейін де жаман әдетке бармадым. Тәртіпті бала болдым. Мүмкін содан кейін де тәртіпсіз балаларға ермедім. Көше тәртібіне бағынбадым. Ағаларыма емес, әпкелеріме жақын болдым", - деді әнші. 


Кішкенбаев: "Super Star" жобасында Айқын жеңеді деп ойладым, ол шығып кеткенде қатты таңғалдым


"Алмас анасын қатты жақсы көрді. Дүкенге шықса да, бетінен шөлпілдетіп сүйе беретін. Екі бетінен сүйіп кетеді. Келген соң тағы сүйеді. Анасын сағынып қалатын. Бала кезінде айқайлап ән айтатын. Басымызды ауырттың деп ұрыссақ, анасы араша болады. Айта берсін деп қорғайтын", - деп өткенді еске алды әпкесі Әлия Кенжеғалиқызы.

Кішкенбаев елордадан Алматыға арнайы көшіп келіп, шығармашылығын шыңдап жатыр. Жаңа әндер жазып, жаңаша серпінмен келмек. 

"Мен өнерге жаңа бағытпен келгім келеді. Қатардағы әндерді айтқым келмейді. Ол жаңалық болмайды. Сондықтан ізденіп жатырмын", - деді ол. 

Көршісі Роза Мұқанқызының айтуынша, Алмасты әжесі бағып-өсірген. Анасы соңғы уақытта ұлын уайымдап сырқаттанып қалған көрінеді.

"Алмастың анасы босанған соң жоғалып кетті. Туа сала әжесі асырады. Әжесі күйеуден ерте қалған. 6 баласымен қоса жетінші бала қылып Алмасты бақты. Кейде Алмасқа берер тиыным жоқ дейтін. Сөйтіп жүріп жеткізді ғой", - деді көршісі Шәркүл Жорабекқызы.

"Алмасты 1 жасында маған қарауға тастап кететін. Анасы 70 жасына дейін жұмыс істеді. Менің шашым қалың еді. Жайып қойсам, Алмас шашыма мұрнын тығып ұйықтап кететін. Ананың иісін, мейірімін сезінгісі келетін шығар. Сол кезде көзімнен жас шығып кетуші еді. Анасы туа сала жоғалып кетті. Әжесі бақты. Алмастың тойын жасағанда келіннің уәдесін алған еді. "Алмасты тастап кетпейсің бе?" деп сұраған еді. Ол ешқашан Алмасты тастамайтынын айтқан. Бірақ кейін ажырасып кеткенде анасы инсульт алып, сөйлемей қалды. Терезеден секіріп кеткісі келді", - деді көршісі Роза Мұқанқызы. 

Кішкенбаев екі қыздың әкесі. Отбасымен бірге тұрмайды. Некесі сәтсіз аяқталып, әйелімен ажырасып кеткен. Бұл оның өмірінде де, шығармашылығында да тоқырауға алып келді. Күйзелістерді, ауыр күндерді бастан өткерді. Бүгінде бәрін ұмытып, өмірінің жаңа парағын ашпақ. Жаңа леппен жақында қайта жарқыраймын деп сендірді. 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр