Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көрермен жинау үшін ардан аттап жатыр": Депутат треш-стримдерге жазаны күшейтуді ұсынды

депутат
Фото: Құрылтай отырысынан

Құрылтай депутаты Жарқынбек Амантайұлы әлеуметтік желідегі тікелей эфирлерде балағат айтып, адамды қорлап, қауіпті пранк пен анайы әрекеттер арқылы көрермен жинайтын стримерлерге жауапкершілікті күшейтуді ұсынды. Ол осы мәселе бойынша Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев пен Ішкі істер министрі Ержан Саденовке депутаттық сауал жолдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Депутаттың айтуынша, әлеуметтік желідегі тікелей эфирлер барған сайын табыс табудың құралына айналып барады. Кейбір стримерлер қаралым көбейту үшін әдейі жанжал шығарып, адамдарды мазақтап, қорлап, тіпті эфир кезінде анайы әрекеттерге барады. Мұндай контентті бір мезетте мыңдаған адам, оның ішінде балалар да көруі мүмкін.

"Сөйтіп, заңға қайшы әрекет кей жағдайда ақша табудың құралына айналып отыр. Кейбір стримерлер көрермен жинау үшін әдейі жанжал ұйымдастырады. Адамды мазақ етеді, қорлайды. Тіпті тікелей эфирлерде айтуға ауыз бармас анайы әрекеттерге бару да жиілей түскен", – деді Жарқынбек Амантайұлы.

Ол Қытайда пранк жасап, жауапкершілікке тартылған Қазақстан азаматын да мысалға келтірді. Депутаттың сөзінше, ел ішінде қалыпты көріне бастаған кейбір әрекеттер шетелде мәдениетсіздік немесе заң бұзу ретінде қабылданып, қатаң жауапкершілікке әкелуі мүмкін.

Амантайұлы бұл бастама сөз бостандығын шектеуге бағытталмағанын атап өтті.

"Біз сөз бостандығын шектеуді ұсынбаймыз. Керісінше, сөз бостандығы мен жауапкершіліктің нақты шекарасы белгіленуі керек", – деді ол.

Осыған байланысты депутат заңнамаға "треш-стриминг" ұғымын енгізіп, тікелей эфирде зорлық-зомбылықты насихаттау, қауіпті пранк жасау, адамды қорлау және әдейі арандатушы әрекеттер үшін жауапкершілікті күшейтуді ұсынды.

 Сондай-ақ TikTok, Instagram, YouTube секілді платформалармен бірлесіп, заңға қайшы тікелей эфирлерді жедел анықтап, бұғаттау және олардың авторларын анықтаудың тиімді тетігін жасауды сұрады.

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 10 Қыркүйек, 2026 10:51