Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көп адамның көзіне зақым келтірді": Блефаропластика жасатқан бір топ әйел алматылық танымал пластикалық хирургтің жазалануын талап етті

Түр-әлпетіне өң сыйлаймыз деп блефаропластика жасатқан әйелдер көздерін тіптен бұзып алған. Олар пластикалық отаның сапасына наразы. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желіден таралған кадрлардан скриншот

Желіде қыз-келіншектер алматылық пластикалық хирург Данияр Байбосыновтың жұмыстарына шамданды. Айтуларынша, түріндегі кем-кетікті дұрыстаймын деп уәде еткен маман одан сайын олардың көзіне зақым келтірген. Олар отаға дейін және отадан кейінгі суреттермен бөлісті.

“Кішкентайымда мидағы ісікті алдыру үшін ота жасатқан едім. Содан соң басымда үлкен тыртық қалды. 18 жасымда тыртықты кетіру үшін Байбосыновқа косметикалық тігіс жасаттым. Бірақ ол тыртығымды одан сайын кеңейтіп, айқын қылып жіберді”, – деді қыз.

“Танысым оның қызметіне жүгінді, бірақ содан кейін көзін жұма алмайтын болып қалды. Одан соң басқа маманға баруға мәжбүр болды”, – деді желі қолданушысы. 

“18 жасымда төменгі қабақ блефаропластикасын жасаттым, себебі бала күнімнен бері көзімнің пішінінен ұялатынмын. Алайда ол төменгі қабақтарымды кесіп, тілімдеп тастады. Көздерім екі түрлі боп кетті. Оған барып, шағымданған кезде өзіме дөрекілік танытып, айқай салды. Ал мен бұл отаға көп шығындалып едім”, – деді пластикалық отадан жапа шеккен қыз.

Желіден таралған кадрлардан скриншот

Данияр Байбосынов желіде өзі бұл шағымдарға жауап берді.

“Өкінішке қарай пластикалық отадан кейін асқынулар болады және ол әрдайым дәрігерге байланысты емес. Себебі әр ағзаның өз ерекшеліктері бар. Отаға дейін де, кейін де маманның нұсқаулығын сақтаған жөн”, – деді ол.



Stan.kz тілшісі пластикалық хирургпен байланысқа шығып, оқиға туралы пікірін және науқастардың жағдайын сұрап көрді. Маман тілшіге шағымға қатысты экспертизалық қорытындыны ұсынып, ақталды.

Данияр Байбосынов ұсынған экспертизалық қорытындылар

Қорытынды Өскемен қаласындағы “Клиника микрохирургии глаза” ЖШС маманынан алынған. Ол үш қорытындыны да Байбосыновтың пайдасына шығарып, қыздар айтқан шағымның отаға қатысы жоқ екенін көрсетті.

“Фотодағы пациенттерім Қамажай мен Сәуле. Олар ота жасалғаннан екі күннен кейін арнайы пластырьды жұлып тастаған. Соның кесірінен көп мөлшерде қан кетті. Алғашында емге келіскенімен, кейін бас тартты”, – деді Байбосынов. 

Пластикалық хирург отаға дейін клиенттеріне ешқандай шағымы жоқ екенін және өтемақы талап етпейтініне қол қойғызып, нотариалды куәландырады екен. 

Данияр Байбосыновқа қатысты шағым бір жыл бұрын көтерілген. “Қазақстан” ұлттық арнасында көркінен айырылған әйелдер дәрігерді жазалауды және өтемақы өндіруді талап етті. 

Талқылау