Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әпкемді аяусыз ұрды": Бокстан әлем чемпионы Теміртас Жүсіпов әйелін соққыға жықты деген күдікке ілінді

теміртас жүсіпов бокс
Фото: zh32457

Бокстан әлем және Азия чемпионы Теміртас Жүсіповтің жұбайы ауыр халде ауруханаға түскеннен кейін оның сіңлісі әлеуметтік желіде жазба жариялап, спортшыны әпкесін ұзақ уақыт бойы тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыратты деп айыптады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Жәбірленушінің сіңлісінің айтуынша, әпкесі 29 маусымнан 30 маусымға қараған түні немесе 1 шілдеде күйеуінен ауыр соққы көріп, ес-түссіз күйде ауруханаға жеткізілген.

"Медициналық құжаттарда асфиксия, бастың ашық жарақаты, құрысу және бас миының ісінуі тіркелген. Ол ауруханаға ес-түссіз түсті", – деп жазды ол.

Сондай-ақ ол тергеудің әділ өтуіне алаңдаушылық білдіріп, спортшы ұсталғаннан кейін шамамен бес сағаттан соң босатылғанын мәлімдеді.

"Біздің отбасымыз тергеудің қалай жүріп жатқанына қатты алаңдайды. Адвокатпен кеңестік. Оның пікірінше, жарақаттардың сипаты мен ауырлығын ескерсек, бұл оқиға адам өлтіруге оқталу ретінде бағалануы мүмкін", – деді жәбірленушінің сіңлісі.

Ол бұған дейін де әпкесінің тұрмыстық зорлық-зомбылық көргенін айтып, шамамен бес жыл бұрын Теміртас Жүсіповтің оны мойнынан есікке қысып тұрғанына куә болғанын жеткізді. Сондай-ақ спортшының балаларға ықпал етіп, әйеліне қысым көрсетіп жатқанын алға тартты.

Ақмола облысы полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады.

"30 маусым күні Көкшетау қаласының тұрғыны отбасылық жанжал барысында жұбайына дене жарақатын салған. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Істің барлық мән-жайы жан-жақты тексеріліп, оның қорытындысы бойынша қатысушылардың әрекетіне құқықтық баға беріледі", – деп мәлімдеді полиция.

 

Еске салайық, 15 наурыз күні БАҚ беттерінде қазақстандық әнші Рахат Тұрлыхановтың ұсталғаны туралы ақпарат тараған еді. Алматы қалалық полиция департаменті әншінің жұбайын ұрды деген күдікпен полицияға жеткізілгенін хабарлады. Ведомствоның мәліметінше, тексеру барысында әйел бастапқыда өзіне күш қолданылғанын айтқан. Алайда кейіннен соққыға жығу фактісін жоққа шығарып, отбасылық жанжал бойынша арыз жазған.

Қарау қорытындысы бойынша Рахат Тұрлыхановқа қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабы 1-бөлігі (“Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер”) бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.

16 наурызда сот Рахат Тұрлыхановтың ісін қарады. Нәтижесінде сот іс жүргізуді тоқтатып, жұбайының бастапқы арызын ескеріп, қылмыстық құқық бұзушылық белгілерінің бар-жоғын тексеру үшін істі прокуратура мен полиция департаментіне жолдауға қаулы шығарды.

Айта кетейік, бұл олардың отбасының алғашқы жанжалы емес. 2024 жылы әнші, мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың туысы Рахат Тұрлыханов әйелін соққыға жыққаны үшін тағы да сот алдында жауап беретіні туралы жазған едік. 

Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып-соққаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сотқа шақырылған. Алайда әйелі оны кешіргендіктен, әртіс жазадан құтылып кеткен.

9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарағанын хабарлады. Сот алқасының қаулысымен Тұрлыхановқа қатысты жазалау шарасы оған ескерту беруден 10 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасына өзгертілді.

10 қаңтар күні әйеліне қол көтерді деп айыпталған Рахат Тұрлыханов жұбайымен бірге бейнеүндеу жасаған еді. 

Айым Атамбаева
Сенбі, 04 Шілде, 2026 22:03