Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тұрлыхановтардың отбасылық дәстүрі": Әйелін екінші рет соққыға жыққан әнші Рахат Тұрлыханов тек ескертумен құтылды

Қазақстандық әнші – мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың туысы Рахат Тұрлыханов қол жұмсағаны үшін тағы да сот алдында жауап береді. Бұл туралы журналист Михаил Козачков мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Рахат Турлыханов

Журналист таратқан ақпаратқа қарағанда, күзде депутаттың інісі Рахат Тұрлыханов әйелін ұрып-соққаны үшін әкімшілік құқықбұзушылық бойынша сотқа шақырылған, бірақ әйелі оны кешіргендіктен, бір кездері танымал болған әртіс жазадан құтылып кеткен.

“Енді ол жаңа қылмысы үшін тағы да сотталады. Рахаттың бұл жолы кімге қол көтергенін әлі білмеймін. Бірақ әкімшілік құқық бұзушылық туралы 73-2-бабының 1-1-тармағында туысқанының денесін зақымдағаны үшін жаза қарастырылған. Әнші бұл жолы тағы да жас әйеліне қол жұмсаған секілді. Әйелдерді ұрып-соғу Тұрлыхановтар үшін отбасылық дәстүрге айналғанын атап өткім келеді”, – деп жазады журналист.

Ол сөзіне дәлел ретінде бұған дейін Дәулет Тұрлыхановтың үлкен ұлы мен ортаншы ұлының қыздарға қол көтерген видеосының желіде тарағанын келтіреді. 

“Ал кіші ұлы бәрінен басып озды – өткен жылы ол адвокат Анна Чернова мен оның күйеуі Олег Черновтың денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін сотталды”, – деп еске салады журналист.

9 қаңтарда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Рахат Тұрлыхановқа қатысты істі қарағанын хабарлады.

Іс материалдарынан белгілі болғандай, өткен жылдың желтоқсан айында Тұрлыханов үйінде жанжал шығарып, әйелін соққыға жыққан. Сотта Тұрлыханов кінәсін мойындап, өкінетінін білдірген және тараптардың татуласуына байланысты іс жүргізуді тоқтатуды сұраған.

“Әйелі іс материалдарында көрсетілген фактілерді растап, күйеуімен татуласқанын хабарлады. Сот қаулысымен ол әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған ескерту түріндегі жаза тағайындалды”, – делінген сот шешімінде. Сот шешімі әлі күшіне енген жоқ.

Бұған дейін де әртістің жазадан құтылып кеткенін ескерсек, депутаттың туысына осымен екінші рет жеңіл жаза беріліп отырғанын айта кетейік.



Еске салайық, бұған дейін Тұрлыхановтың ұлының үстінен адвокаттардың шағымынан кейін қылмыстық іс қозғалған. Тұрлыхановтың 20 жастағы төртінші ұлы Нұрасыл Болат сот шешімімен кінәлі деп танылып, оған 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салынған.

Кейін Тұрлыхановтың тергеудегі ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткені белгілі болған. Осыдан кейін ол басшылық бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде  Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлы мен қыздың арасындағы жанжалға байланысты видео тараған. Дәулет Тұрлыханов бұл жағдай өзінің отбасына соңғы жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлайтынын атап өткен.

Осы оқиғалардан кейін қоғам арасында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов мандатын тапсыруы тиіс деген пікірлер айтылған. Алайда халықтың өзін жақсы көретінін айтқан депутат бұған қарсы пікірін білдірген. 

"Бұны сайлаушыларым шешеді. Маған сенім артқан сайлаушылар: құрметті Дәулет Болатұлы, мандатыңызды тапсырыңыз десе, мен тапсырамын. Осы уақытқа дейін ешкім айтқан жоқ, мені халқым жақсы көреді", – деген ол.

Сонымен қоса Дәулет Тұрлыханов елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне қатысты пікір білдіруден бас тартқан. “Жігіттердің қызды ұрып-соғуына ата-анасының мінез-құлқы себеп бола ма” деген сұраққа депутат: "Сіздерге не керек? Не естігіңіз келіп тұр? Қандай пікірде деп ойлайсыздар? Сіздер бұған қалай қарайсыздар? Маған енді мұндай сұрақтармен қайта келмеңіздер. Бұл – ойға сыймайтын сұрақ. Осындай сұрақтарды балаларға қойыңыздар", – деп жауап берген.

Талқылау