Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәулет Тұрлыхановтың атышулы төрт ұлы туралы бүкіл шындық ашылды 

Соңғы кездері Дәулет Тұрлыхановтың балалары Қазнетті шулатып, басы даудан арылмай жүр. БАҚ бетінде тараған дереккөздерге зер салсақ, даңқты балуанның екі әйелінен 4 ұлы бар екен. Stan.kz тілшісі мәжіліс депутатының атышулы ұлдары туралы көпшілікке беймәлім ақпараттарды зерттеп, оларға жеке-жеке тоқталып көрді.

 

Әуелі жаңалықтан бастайық. Осыдан тура екі күн бұрын әлеуметтік желіде жігіт пен қыздың жанжалдасқан видеосы тараған еді. Әлгі бейнажазбадағы ер адамның мәжіліс депутатының ортаншы ұлы Әкежан Тұрлыханов екені айтылған. Ол роликті дәл сол видеодағы Эва есімді қыз өзінің Instagram-дағы Stories бөлімінде денесіндегі жарақат пен көгерген жерлерін көпшілікке көрсетіп, оқиғаның мән-жайын былайша баяндаған.

"Депутаттардың ұлдары әкесінің атына осылай кір келтіруде. Ешбір қыздың Тұрлыханов Әкежан Дәулетұлы деген адаммен жолы түйіспейді деп ойлаймын. Мен не болғанын толық баяндағым келіп отырған жоқ. Қандай жағдай болмасын, бұл адамның менімен бұлай сөйлесуге, қолымды қайырып, көгертуге, мені қуыршақ сияқты итеріп жіберуге құқығы жоқ еді", – деп жазды Эва есімді ару.  


Дәл осы видео желіге тарағанда сәтте Дәулет Тұрлыханов бұл жаңалықтан хабарсыз екен. Мәжіліс депутатын көрген тілшілер бірден тарпа бас салып, сұрақтың астына алған еді. 

"Әке-шеше ретінде кім баласын жаман болсын дейді. Бұл – бір. Әкежан – ересек бала. Өздері шешеді. Мен бұл жаңалықты сіздерден естіп, маған жағымсыз әсер қалдырды. Мен әйел адамды ұрған емеспін, тек кілемде ғана күрестім", – деді Дәулет Тұрлыханов. 


Мәжіліс депутаты журналистердің тосыннан қойылған сұрағына жауапты дәл осылай қысқа қайырғанымен, кейін даулы видеоны асықпай көріп, толық нұсқасын өзінің жеке парақшасына жүктеп, бұл оқиғаға күмәнмен қарайтынын айтып, ауқымды пост жариялаған.      

"Бүгінгі видеоға қатысты менің де қоятын бір сұрағым бар. Таңғы сағат 4-те мұндай азаматшалар ұлым тұратын үйге келіп, неге ондай оқиғаға бастау болатыны түсініксіз. Және бұл жағдай аяқ астынан камераларға түсіп қалып, белгілі бір адамдарға пайдалы қиындыларының ақпарат құралдарына тарауы, менің ғана емес, кез келген адамның көңіліне күмән келтіреді. Бұл менің отбасыма соңғы жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлаймын. Видеоны аңғарған адамға менің баламның бұл жанжалдан барынша қашқақтауға әрекет жасағаны анық көрінеді. Сіздерге түсінікті болу үшін видеоның толық нұсқасын жолдап отырмын. Осы болған жағдайды дұрыс түсінулеріңізді сұраймын" – деді мәжіліс депутаты. 


Алматы полиция департаментінің мәліметіне сүйенсек, әлгі қыз Әкежан Тұрлыхановтан зәбір көрдім деп тәртіп сақшыларына шағымданбаған, арыз жазбаған. Екеуара жанжалдың сол сәтте аяқталғанын айтыпты. Осылайша, Әкежанмен әңгіме бітті. Ол – Дәулет Тұрлыхановтың екінші ұлы. 
Ал Тұрлыхановтың үлкен ұлы – Данияр Дәулетұлы туралы да отандық БАҚ беттерінде бірнеше рет істі болғаны жайлы ақпарат толып жүр. Бірақ екі жақтың келісімімен іс жабылған. Ол 1988 жылы туған екен. Кезінде спортпен шұғылданып, кейін жаттықтырушы қызметін атқарыпты. Қазір қайда жұмыс істейтіні белгісіз.
Соңғы уақытта Дәулет Тұрлыхановтың балаларының басы даудан арылмай-ақ қойды. Осы жылдың ақпан айында депутаттың кіші ұлы – Нұрасыл Болат қазақстандық ерлі-зайыпты адвокаттарды соққыға жыққаны туралы жаңалық желіде желдей ескен еді. Айта кетейік, Нұрасыл Дәулетұлы айтыс өнерінің жанашыры Жүрсін Ерманның жиен немересі, яғни ақынның кенже қызынан туған бала. Таяуда Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Жүрсін Ерман желіні шулатқан Нұрасылдың қазіргі жағдайы туралы айтқан еді. 

"Қазіргі хәлі жақсы. Мына Қонаевтағы әскери бөлімде қызмет істеп жатыр. Анда-санда келіп кетеді, телефон шалады. Жақсы бала, ақкөңіл. Біраз шулады ғой. Оған менің не қатысым бар, 20 жасқа келген азамат. Істеген ісіне басымен жауап береді. Өзінің әке-шешесі бар", – деді Жүрсін Ерман.  


Айтпақшы, Нұрасылдың Ерасыл есімді ағасы бар. Олардың әкесі – Дәулет Тұрлыханов, анасы – Жүрсін Ерманның кенже қызы Ардақ Ерманова. 25 жастағы Ерасыл Дәулетұлы дзюдодан Қазақстанның бірнеше дүркін чемпионы, Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде оқыған. Ол жапон, ағылшын тілдерін жетік меңгерген. Ұзын құлақтан естуімізше, бұл жігіт таяуда шаңырақ көтереді-мыс.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan.kz Youtube арнасынан көріңіз.

 

Талқылау