Комадан оянған ер адам Иса пайғамбарды көргенін айтты

АҚШ тұрғыны Гейб Пуаро электроскейтбордтан құлап, ауыр жарақат алғаннан кейін клиникалық өлімді бастан өткерген. Оның сөзінше, 18 күн комада жатқан кезде ол Иса пайғамбарды көріп, оның бейнесін есінде сақтап қалған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mirror-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 2021 жылғы қазанда болған. Гейб Пуаро электроскейтбордпен дулығасыз жүріп келе жатып, құлап, басынан қатты жарақат алған. Дәрігерлер оның аман қалатынына күмәнмен қараған.
Ер адамның айтуынша, кома кезінде ол өзін жұмаққа тап болғандай сезінген. Ол сонда Иса пайғамбарды көргенін де жеткізді.
“Оның бойы шамамен 180-183 сантиметр болды. Терісінің түсі қоюлау, Таяу Шығыс халықтарына жақын реңкте еді. Шашы орташа ұзындықта, сәл бұйра болды”, – дейді Пуаро.
Ол Иса пайғамбардың бейнесіне ең жақын сурет Турин кебінінде берілген деп санайды. Бірақ ол да пайғамбардың шынайы келбетін толық жеткізе алмайды дейді.
Пуаро жұмақты ерекше қала ретінде сипаттаған. Оның сөзінше, ол жердегі үйлер, ғимараттар, ескерткіштер мен кітапханалардың бәрі Құдаймен байланысты.
“Кітапханадағы кітаптарды ашқанда, ол сол парақтың өзі сияқты көрінді. Ол – әріптердің өзі. Бұл өте ғажап еді”, – дейді ол.
Сондай-ақ ер адам адамдар арасындағы қақтығыстарға жын-перілер ықпал етеді деген ой түйгенін айтқан. Оның сөзінше, олар елдер мен президенттерді қуыршақ сияқты басқаруға тырысады.
Гейб Пуароның айтуынша, ол комадан “Құдай рухының күшімен” оянған. Ал есі мен жады бірнеше күн ішінде біртіндеп қалпына келген.
Апатқа дейін де діндар христиан болған Пуаро қазір өмірін басынан өткерген оқиғасын айтуға арнап жүр. Дәрігерлер бұл жағдайға қатысты пікір білдірмеген. Ал шіркеу өкілдері оның айтқанына сақтықпен қарайды.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты
Оқыңыз