Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бірінші қазақша ма, әлде орысша ма: Қазақстанда жарнама мен маңдайшаларды орналастыру тәртібі қандай?

Дүкен, маңдайша, көрнекі ақпарат
Фото: Фото syntx.ai көмегімен жасалды

Қазақстандық тұрғындар кейбір жарнама мен маңдайшаларда ақпараттың алдымен орыс тілінде беріліп, мемлекеттік тілдегі нұсқасын іздеп қалуға мәжбүр болатынына жиі шағымданады. Заңгер Ермек Тілеукеевтің айтуынша, көрнекі ақпарат заңнамаға сәйкес әуелі мемлекеттік тілде, содан кейін орыс тілінде рәсімделуі тиіс және екі тілдегі мәтіннің көлемі де тең болуы қажет. Stan.kz ақпарат агенттігі маңдайшалар мен жарнамаларға қойылатын талаптарды зерттеп көрді.

 

“Қазақ тілін екінші орынға қойып, кішкентай етіп жазсаңыздар да, дұрыстап жазсаңыздаршы”

Астанадағы BI group үйлерінің біріндегі паркингтердің бірінде "Добро пожаловать домой" деген орысша мәтін үлкен әріппен бірінші жазылғаны, ал "Қош келдіңіз үйге" деген қазақша қате жазу төмен және кіші әріптермен жазылған. Мұны астаналық тұрғын фотоға түсіріп алып, желіде шағымданды. Жазба авторы қазақша ақпарат қате және төменге түсіп кеткеніне наразы.

"Қазақ тілін екінші орынға қойып, кішкентай қылып жазсаңыздар да, дұрыстап жазсаңыздаршы. Сіздерге соншалықты бәрібір болғаны ма?" – деп пікір білдірді ол.
Көрнекі ақпарат
Фото: Фото: Threads

Елімізде көшедегі көрнекі ақпарат пен жарнама тіліне қатысты мұндай дау жиі болып тұрады. Әдетте халық қазақша ақпаратты таппағанына немесе оның орысшадан тікелей аударылғанына наразылық білдіріп жүр.

Мына жарнамада тек орысша мәтін бар, қазақшасы жоқ.

Көрнекі жарнама
Фото: Фото: Threads

"Тек орысша жарнама жариялау заңға қайшы. Тіл туралы заң бойынша да, Көрнекі ақпарат туралы заң бойынша да тек орысша жарнама жариялауға болмайды. Әрине, табиғатта мұның қазақшасы бар шығар. Басқа жерде, басқа баннерде. Бірақ, соған қарамастан, бір баннерде тек орыс тіліндегі жарнаманың тұруы - заңды белшесінен басу", – деп пікір білдірді тағы бір қазақстандық.

Мысалы, мына жарнамада қазақша сөз бірінші жазылғанымен ол өрескел қате аударылған.

Қате аударылған жарнама
Фото: Фото: Threads

Желі қолданушылар да "Қазақстанда тұрып қазақша мәтінді неге іздеуіміз керек?" деп қосылды.

  • "Біз Қазақстан бола тұра неге орыс тілінде жазуымыз керек? Неге барлығын тек қазақ тілінде жазбаймыз?"
  • "Құрысын “көмек керек, біз білмейміз” десеңіздер, отырмыз ғой. Тегін-ақ аударып беремін"
  • "Өз туған жерінде ана тілін төменгі орынға қойып, ата жау тілін бірінші орынға қойған қазақ халқым-ай" – деп жазды қазақстандықтар.

Біз Астана әкімдігіне хабарласып істің мән-жайын сұрадық. Астана әкімдігі бизнес иесіне ескерту беріліп, жазба түзелгенін хабарлады. Сонымен қатар BI group компаниясы аталған жағдайға пікір білдіріп, жазба ауыстырылғанын айтты.

“Біз мемлекеттік тілді құрметтейміз және оның дұрыс қолданылуына ерекше мән береміз. Аталған жағдай бойынша ақпараттық жазба алынып тасталып, оның орнына түзетілген нұсқасы орнатылады. Түсіністікпен қарағаныңыз үшін алғыс білдіреміз”, – деп жауап берді компания.

Көрнекі ақпарат пен жарнама қандай тәртіппен жазылады?

Қазақстанның Тіл туралы заңының 21-бабында көрнекі ақпараттың бүкіл мәтіні белгіленген тәртіп бойынша орналастырылатыны жазылған. Тәртіпке сай, жоғарыда немесе сол жақта мемлекеттік тілде, яғни қазақша, ал оң жақта немесе төменде орыс тілінде жазылуы керек. Қазақ және орыс тіліндегі жазбалар бірдей көлемде болуы керек. Қазақша жазудың көлемі орысша жазылған сөзден кішкентай болмауы керек. Демек кез келген мекеме мен бизнес өкілдері көрнекі ақпаратты тек орыс тілінде жазып қоя алмайды. Тіпті орысшасын алдына шығарып, қазақшаны төменге де қоюына болмайды.

Бұл ережені заңгер Ермек Тілеукеев түсіндірді. Маманның сөзінше, Қазақстанның "Тіл туралы" заңына және көрнекі ақпаратты орналастыру талаптарына сай, маңдайша, жарнама, хабарландыру секілді көшедегі жазулар мемлекеттік тілде міндетті түрде берілуге тиіс.

"Сонымен қатар қазақ тіліндегі мәтін орыс тіліндегі мәтіннен көлемі жағынан кіші болмауы қажет. Тәжірибеде кейбір мекемелер қазақша мәтінді ұсақ, ал орысшасын үлкен етіп жазып жатады. Бұл заң талаптарына қайшы келуі мүмкін. Мемлекеттік тілдегі ақпараттың көрнекілігі мен тең дәрежеде берілуі заңмен қорғалады. Әкімшілік жауапкершілік мәселесі де қарастырылған, алайда әр жағдай нақты тексеруді қажет етеді", – дейді заңгер.

“105 мың теңгеге дейін айыппұл салынады”

Мұндай заңбұзушылық үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған. Әдетте алғашында ескерту беріледі. Егер ескертуден соң талап орындалмаса, айыппұл салынуы мүмкін.

"Бақылау мен тексеруді жергілікті әкімдіктердің тілдерді дамыту басқармалары, ішкі саясат бөлімдері және кей жағдайда прокуратура органдары жүзеге асырады. Азаматтар шағымды әкімдікке немесе eOtinish арқылы жолдай алады. Деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру талаптарын бұзу ескерту жасауға әкеп соғады", – деп түсіндірді заңгер Ермек Тілеукеев.

Сонымен қатар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 75-бабы, 3-бөлімінде көзделгендей, әрекет әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, лауазымды тұлғаға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға 21 625 теңге (5 АЕК), орта кәсіпкерлік субъектілеріне 43 250 теңге (10 АЕК), ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 108 125 теңге (25 АЕК) мөлшерінде айыппұл салынады.

Қазақстан азаматтары тек орысша жазылған немесе қазақшасы төменге түсірілген көрнекі ақпарат байқаса, шағымды әкімдікке eOtinish арқылы жолдай алады.

Айта кетейік, бұған дейін желіде Sen Sulu қазақстандық косметикалық бренді жарнамалық видеоға ресейлік блогер Валя Карнавалды түсіргеннен кейін сынға ұшырағаны хабарланған еді. 

Еңлік Сақтан
Сәрсенбі, 27 Мамыр, 2026 09:30