Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мұсылман үмбетін біріктіреді": Мемлекет басшылары Тоқаевты Құрбан айт мерекесімен құттықтады

Тоқаев Құрбан айт (1)
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Құрбан айт мерекесіне орай шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп түсті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Құрбан айт тарихы мен тілі, діні мен дәстүрі ортақ халықтар арасындағы бауырластықты одан әрі нығайта түсетінін атап өткен.

“Бірлескен күш-жігердің нәтижесінде екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығы беки түсетініне сенімдімін”, – делінген жеделхатта.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Құрбан айтты рухани тазарудың, қайырымдылық пен ынтымақтастықтың белгісі ретінде сипаттаған. Ол қастерлі мейрам тарихтан тамыр тартатын екі ел достығын, бауырластығын, халық арасындағы өзара құрметті арттыратынына сенімі мол екенін жеткізді.

Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Құрбан айт мейрамы ғасырлар бойы халықтарды ізгілікке, жомарттыққа, әділдікке, өзгеге көмек қолын созуға үндеп келетінін атап өтті.

Түрікменстан президенті Сердар Бердімұхамедов сенім мен жанашырлық салтанат құратын қастерлі мереке күллі мұсылман үмбетін біріктіретінін жазған.

“Ортақ рухани құндылықтарға деген ұмтылыс халықтарымыз арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ете беретініне күмәнім жоқ”, – делінген жеделхатта.

Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев бұл мереке дүние жүзіндегі барлық мұсылмандардың рухани бірлігі мен ынтымақтастығының нышаны саналатынын айтты. Оның сөзінше, Әзербайжан және Қазақстан арасындағы қазіргі жоғары деңгейдегі одақтастық қатынастар  – саяси ерік-жігеріміз бен бірлескен іс-әрекеттеріміздің нақты нәтижесі.

Сондай-ақ Құрбан айт мейрамына орай өздерінің ізгі тілектерін БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, БАӘ Вице-президенті, Премьер-министрі, Дубай Әміршісі шейх Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум, Кувейт Әмірі шейх Мишааль әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабах, Кувейттің Тақ мұрагері Сабах Халид әл-Хамад ас-Сабах, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифа, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Ауғанстан Премьер-министрі Мохаммад Хасан Ахунд, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик, ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Сұлтан Раев және тағы басқалар жолдады.

Бұған дейін мемлекет басшысы отандастырамызды қасетті Құрбан айт мерекесіне құттықтаған еді. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 27 Мамыр, 2026 16:45