Термопаркте 5 жасар баланы құтқарған қостанайлық студент оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Қостанайда медициналық колледж студенті Дияр Рахымжанов термопаркте суға тұншыққан 5 жасар балаға алғашқы көмек көрсетіп, оның өмірін сақтап қалуға атсалысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Top-news.kz-ға сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 24 мамырда болған. Қостанайдағы термопаркке келушілер бассейннен 5 жасар бала шығарып алған. Куәгерлердің сөзінше, ол біраз уақыт су астында қалып, тыныс алмай жатқан.
Осы оқиғада жедел жәрдем дәрігерлері мен баланы су астынан байқап қалған қызбен қатар, медицина колледжінің студенті Дияр Рахымжанов та дер кезінде көмек көрсеткендердің бірі болды.
Дияр – Қостанай жоғары медициналық колледжінің 2-курс студенті. Ол акушерлік іс мамандығы бойынша білім алып жүр.
Оқиға болған күні ол да достарымен бірге термопаркте демалып жүрген. Кенет көмек сұраған дауысты естіп, бірден оқиға орнына жүгірген.
“Адамдар жиналып қалған екен. Мен баланың жанына жүгіріп бардым. Тамыры білінбеді, өмір белгісі байқалмады. Жедел жәрдем келгенше алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жүрекке тікелей емес массаж жасадым. Ауыздан ауа үрлеуді басқа адам жасады, ол термопарк қызметкері болуы мүмкін. Бұл шамамен 10-15 минутқа созылды. Сол сәтте педиатрия, акушерлік іс, хирургия пәндерінен оқытушылар үйреткеннің бәрі есіме түсті. Кейін дәрігерлерге де көмектестім”, – деді Дияр Рахимжанов.
Студент сол сәтте бала үшін қатты алаңдағанын, бірақ барынша сабыр сақтауға тырысқанын айтты. Ол айналадағы адамдардан сәл шегініп, кедергі келтірмеуді сұраған. Ал баланың анасына қолдау көрсету керегін айтқан, өйткені ол үнемі жанында болған.
“Жедел жәрдем келгеннен кейін балаға жүрек-өкпе реанимациясы жасалды. Содан соң жағдайы жақсарып, өкпені жасанды желдету аппараты арқылы тыныс ала бастады”, – дейді студент.
Диярдың айтуынша, балаға одан бөлек термопарктің құтқарушылары мен медицина қызметкері де көмектескен.
“Баланың ата-анасымен кейін сөйлескен жоқпын. Бірақ оның есін жиғанын естігенде қатты қуандым”, – деді Дияр.
Диярдың өзі бұл оқиғаны ерлік деп қабылдамайды. Журналистермен де қысқа әрі ұстамды сөйлескен. Оған колледжде әлі 1,5 жыл оқу қалған. Отбасында медицина саласында жүрген жалғыз өзі емес, әпкесі де денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді.
Айта кетейік, Дияр бұған дейін Қостанай қалалық ауруханасының жансақтау бөлімінде тәжірибеден өткен. Ал жүрек-өкпе реанимациясын жақында ғана оқып-үйренген.
Бұл туралы колледж директоры Марат Күзембаев айтып, студенттердің алдында Диярға жанқиярлығы мен баланың өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.
Курстастары мен өзге курс студенттері болашақ әріптесін қошеметпен қарсы алып, “Жарайсың!” деп қолдау көрсетті.
Қостанай жоғары медициналық колледжінің арнайы пәндер оқытушысы, Диярдың ұстазы Әсел Ержанова журналистерге жүрек-өкпе реанимациясының қалай жасалатынын көрсетті. Қысқаша айтқанда, бұл 30 рет кеудені басу және 2 рет ауа үрлеу әдісінен тұрады. Дегенмен мұндай көмектің өзіндік ережесі көп, оны дұрыс жасамау зардап шеккен адамға зиян келтіруі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, жүректің тоқтағанын тыныстың, тамыр соғысының және есінің болмауы арқылы анықтауға болады. Мұндай жағдайда бірден жедел жәрдем шақыру қажет.
Ал баланың қазіргі жағдайына қатысты Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасы ата-анасының өтініші бойынша ақпарат жарияланбайтынын мәлімдеді.
“Ата-анасының жағдайына түсіністікпен қарауды сұраймыз”, – деді ведомство өкілдері.
Қазір бала Қостанай облыстық ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр.
Облыстық жедел жәрдем станциясының баспасөз хатшысы Ксения Жилкибаеваның мәліметінше, жыл басынан бері жедел жәрдем дәрігерлері 30-дан астам сәтті реанимация жасаған.
"Туысқандарым теріс айналды": 22 жасында христиан дінін қабылдаған қазақ қызы өміріндегі өзгерістер туралы айтты