Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қостанайдағы жаңа туған нәрестенің өлімі: Әділдік іздеген ата-ана президент әкімшілігіне жүгінді

Жаңа туған нәресте
Фото: depositphotos.com

Қостанай облысында босану кезінде қаза тапқан нәрестенің ата-анасы тергеуге араласуды сұрап, президент әкімшілігіне жүгінді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ата-ананың айтуынша, 2024 жылы болған қайғылы оқиғаға байланысты әлі күнге дейін ешкім жауапкершілікке тартылмаған.

Мәрия Жұмашева Қостанай облысы Қамысты ауылында тұрады. Әйелдің жүктілігі асқынусыз өткен. 2024 жылдың 14 маусым күні таңертең әйелдің толғағы басталған. Әйел Қостанай облыстық ауруханасына жатқызылып, кесар тілігін жасау туралы шешім қабылданған. 15 маусымға қараған әйелге ота түні жасалған.

Алайда ота сәтсіз аяқталып, ана нәрестесінен айырылып қалған. Әйелдің айтуынша, патологоанатомиялық зерттеу қорытындысында дәрігерлердің кінәсі дәлелденген.

"Іс материалдарында үш комиссиялық сараптама бар. Үш рет тәуелсіз сарапшылар қол қойған қорытындыда: нәресте Қостанай облыстық ауруханасының дәрігерлерінің қылмыстық әрекетсіздігі салдарынан қаза тапты деп көрсетілген. Іс материалдарында бұлтартпас дәлелдер бар. Қайғылы оқиғаның болғанына 20 ай өтсе де, Қостанай облыстық ауруханасының басшылығы да, кінәлі деп көрсетілген дәрігерлер де қарапайым адамгершілік деңгейіндегі кешірім сұрауға да бір рет талпыныс жасамады", – дейді Мәрия Жұмашева.

Әйелдің айтуынша, осы дерек бойынша Қостанай қаласының полиция басқармасы қылмыстық кодекстің "Медициналық немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Бұл бап бойынша кінәлі деп танылған адамға 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Жұмашевтар отбасы тергеу барысына наразы. Ерлі-зайыптылар тергеу тым ұзаққа созылып кеткенін және күдіктілерге қатысты ешқандай шара қолданылмағанын айтады. 

"Тергеу жай ғана уақыт созып отыр, істің мерзімінің өтіп кетуін күтіп отырғандай. Кінәлі дәрігерлер әлі де жүмысын жалғастыруда, тергеу басшылығы өздерінің бұйрықтарын орындамай отыр, ал жергілікті полиция ештеңе болмағандай әрекет етеді. 20 мамырда біз ішкі істер министріне жүгіндік. Ал орталық аппарат шағымды қайтадан Қостанайға жіберді. Қостанай полициясының әрекетсіздігі туралы шағымды қайтадан сол Қостанай полициясының өзіне жолдады. Кішкентай адамның өлімі, ананың қайғысы жүйе үшін бұл жай ғана статистика мен сөрелердегі құжаттар", – деп шағымданды Мәрия.

Жергілікті билік органдарынан әділ тергеуге қол жеткізе алмаған соң, ерлі-зайыпты президент әкімшілігіне жүгінді. Шағым биылғы жылдың 22 мамырында жолданған.

"Басқа амал қалмады, президент әкімшілігіне егжей-тегжейлі шағым жолданды. Біз осы құқық қорғау органдары арасындағы бір-біріне сілтеуді тоқтатуды және кінәлілерді жасырып отырғандарды жауапқа тартуды талап етеміз. Заң бәріне бірдей болуы керек, лауазымына да, байланысына да қарамастан", – деді Жұмашевтар жұбы.

Еске салсақ, бұған дейін Алматыда 7 айлық жүкті әйел мен сәбиі көз жұмғаны туралы жазған еді. Марқұмның туыстары дәрігерлерді салғырттық танытып, дер кезінде көмек көрсетпеді деп айыптады. Олардың айтуынша, үш бірдей медициналық мекеме арасында сабылған әйелге уақытылы диагноз қойылмай, ақыры ана мен бала көз жұмған.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 26 Мамыр, 2026 22:57