Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда артық майдан арылғысы келген экс-депутат мерт болды: Дәрігер оның өліміне пластикалық ота себеп болмағанын айтты

Ербол Айтуов
Фото: facebook.com/adutbaeva

Ақтауда депутат Ербол Айтуов пластикалық отадан кейін көз жұмды. 49 жастағы азамат жеке медициналық орталыққа иек тұсына липосакция жасату үшін барған. Алайда кейін ол кома жағдайында облыстық ауруханаға жеткізілген. Клиника өкілдері облыстық мәслихат депутатының қазасына қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “КТК-ға” сілтеме жасап хабарлайды.

Клиниканың бас дәрігері Артур Тәжиевтің айтуынша, операция жасалмаған. Науқастың жағдайы наркоз салынғаннан кейін нашарлаған. Осыдан соң дәрігерлер жоспарланған медициналық манипуляцияны жүргізуден бас тартқан.

“Наркоз салынғаннан кейін операция бөлмесіне кіріп, мониторға қарадым. Қан қысымы 210-220-ға дейін көтерілгенін көрдім. Мұндай қысыммен операция жасауға болмайды. Әр адамның ағзасы наркозды әртүрлі қабылдайды, сондықтан күте тұрдым. Бір сағат ішінде қысым түспеді. Осыдан кейін операция жасауға болмайды деген шешім қабылдадым”, – деді “Қасиет” клиникасының бас дәрігері Артур Тәжиев.

Ербол Айтуов облыстық мәслихат депутаты және Кәсіпкерлер палатасындағы комитеттердің бірінің төрағасы болған. Иек тұсына липосакция жасау және мойын бұлшықеттерін тарту отасы 4 сәуірге жоспарланған.

Алайда бірнеше сағаттан кейін жақындарына науқастың жағдайы нашарлағаны хабарланған. Кейінірек оның қан қысымынан бөлек, қанындағы қант мөлшері де күрт көтерілгені анықталған. Салдарынан ол инсульт алып, комаға түскен.

Ер адам бір ай бойы ес-түссіз жатқан. Ал мамырдың басында ол есін жимастан көз жұмды.

Отбасының адвокаты марқұмның денесі сараптама жүргізілмей жерленгенін айтып отыр. Оның сөзінше, қазір өлімнің нақты себебін анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту қажет.

Қазір полиция дерек бойынша тергеу жүргізіп жатыр.

“Айтуов қайтыс болғаннан кейін қылмыстық іс қозғалды. Ең алдымен оның комаға түсуіне не себеп болғанын, кейін өлімнің нақты себебін анықтау керек. Жауапты тұлғалар болса, оларды қылмыстық жауапкершілікке тарту қажет. Қазір осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз”, – деді заңгер Алдирза Қуанышкереев.

Еске салайық, 49 жастағы Ербол Айтуов 4 сәуірде липосакция жасатуға барған. Жұбайының айтуынша, наркоздан кейін оның қан қысымы мен қант деңгейі күрт көтеріліп, комаға түскен. Бір айдан соң ол ауруханада қайтыс болды. Марқұмның жұбайы клиника дәрігерлерін салғырттық жасады деп айыптаса, денсаулық сақтау министрлігі тексеріс барысында бірнеше заңбұзушылық анықталғанын мәлімдеген.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 27 Мамыр, 2026 11:55