Қымбат жиһаздар, қазақы кілем мен көрпеше: Лондонда Дариға Назарбаеваның зәулім үйі 10,5 млн долларға сатуға шығарылды

Желіде Дариға Назарбаеваға қатысы бар делінген зәулім үйдің суреттері тарады. Бұл үй бірнеше жылдан бері сатылымға шығарылғанымен, әзірге сатып алушы табылмаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Зәулім үй Лондонның ең беделді аудандарының бірі – Денвуд-роудта, Highgate гольф-клубының маңында орналасқан.
Алғаш рет бұл жылжымайтын мүлік 2022 жылдың наурызында, Қаңтар оқиғасынан кейін көп ұзамай сатылымға қойылған. Сол кезде оның бағасы 11,8 миллион доллар (5 730 526 040 теңге) болған. Қазір баға 10,5 миллион долларға (5 099 196 900 теңге) дейін төмендетілген.
Үйдің жалпы аумағы шамамен 765 шаршы метр. Онда жеті жатын бөлме, алты жуынатын бөлме, бірнеше қонақ бөлмесі, бассейн, бильярд залы және қысқы бақ бар.
Зәулім үйдің суреттері жарияланған соң желі қолданушылары сәнді интерьерге ғана емес, қазақы нақыштағы бұйымдарға да назар аударды. Фотодан қымбат жиһаздардың арасында қазақтың кілемдері мен көрпешелері байқалады.
Бұл үйдің түпкілікті иесі Дариға Назарбаева екені 2020 жылы белгілі болды. Сол кезде Ұлыбританияның Ұлттық қылмыспен күрес агенттігі бұл үйге және тағы екі жылжымайтын мүлік нысанына тыйым салуға әрекеттенді. Тіпті оларды сатып алуға жұмсалған қаржының қайдан келгенін түсіндіруді талап етті.
Алайда кейін Лондон соты бұл мүліктерге салынған тыйымды алып тастады. Назарбаеваның өкілдері жылжымайтын мүлік заңды табысқа, соның ішінде қант компаниясындағы акцияларды сатудан түскен қаржыға сатып алынғанын мәлімдеді. Сот мүлікке қатысты шектеуді сақтап қалуға жеткілікті дәлел жоқ деген қорытындыға келген.
Бұған дейін Forbes Women Kazakhstan журналының сәуір айындағы санында Қазақстанның ең бай 25 әйелінің алғашқы рейтингі жарияланды. Рейтингте Нұрсұлтан Назарбаевтың ортаншы қызы Динара Құлыбаева мен үлкен қызы Дариға Назарбаева көш бастады.
Фельдшерлердің мәселесін көтерген қазақстандық жындыханадан бір-ақ шыққанын айтты
Оқыңыз