Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ұлттық банк опера әншісі Ермек Серкебаевтың құрметіне коллекциялық монеталар шығарады

Ермек Серкебаев монета
Фото: Ұлттық банк

Қазақстан Ұлттық банкі E. SERKEBAEV. 100 JYL және AINALAIYN атты екі жаңа коллекциялық монета шығарад. Монеталар 28 мамырдан бастап реттеушінің интернет-дүкені арқылы сатылымға шығады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Ұлттық банк хабарламасында “Атаулы оқиғалар мен біртуар адамдар” сериясынан E. SERKEBAEV. 100 JYL және “Жүректен жүрекке” сериясынан AINALAIYN коллекциялық монеталарын айналымға шығатыны айтылған. Коллекциялық монеталар 28 мамырдан бастап Ұлттық банктің интернет-дүкендерінде сатылады.

Ермек Бекмұхамедұлы Серкебаев (1926-2013) – кеңестік және қазақстандық опера әншісі (лирикалық баритон), педагог әрі актер. Ол КСРО халық әртісі (1959) және Социалистік Еңбек Ері (1986) атақтарына ие болған. 1947 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ опера және балет театрының солисі болып қызмет атқарған. Опера сахнасында "Севиль шаштаразы" операсындағы Фигаро және қазақтың аттас операсындағы Абай партияларын орындауы арқылы танымал болды. Монетаның дизайнында оның портреті бейнеленген.

Коллекциялық монета мельхиор қорытпасынан (МН 25) дайындалған:

  • Салмағы – 15 грамм;
  • Диаметрі – 33 мм;
  • Монета brilliant uncirculated сапасымен шығарылған;
  • Номиналы – 200 теңге;
  • Таралымы – 7 мың дана.

"Монетада құрақ көрпені еске түсіретін композиция бейнеленген. Шеңбер бойымен “AINALAIYN” сөзі қайталанып, шеттен ортасына қарай айнала қозғалысты білдіреді. Композицияның ортасында күнді бейнелейтін стильдендірілген ою-өрнек аясында “Жүрек” элементі орналасқан. Бұл композиция қазақтың “Айналайын” сөзінің терең мағынасы мен жылу, махаббат және қамқорлықты білдіретін мәнін көрсетуге арналған", – деп қосты Ұлттық банк.

Монеталар екі нұсқада шығарылады:

  • Біріншісі – 925 сынамалы күмістен жасалған, түрлі түсті баспа және интерференциялық кемпірқосақ жабыны қолданылған. Салмағы – 31,1 грамм, диаметрі – 38,61 мм, сапасы – "proof", номиналы – 1000 теңге, таралымы – 3 мың дана.
  • Екіншісі – мельхиор қорытпасынан (МН 25) жасалған; салмағы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, сапасы brilliant uncirculated, номиналы – 200 теңге, таралымы – 10 мың дана.

"Монеталардың барлық түрі Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өздерінің атаулы құны бойынша төлемнің барлық түріне қабылдануға, сондай-ақ банктік шоттарға есепке алынуға, аударым жасауға, ұсақтауға және еліміздің барлық банктерінде айырбастауға міндетті", – деп хабарлады реттеуші орган.

Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 27 Мамыр, 2026 13:49