Қазақстандық туристер балаларымен бірге үш күннен бері Қырғызстанның тау шатқалында қалып қойған

Қырғызстанның Чаткал алқабында су тасқыны бұзып кеткен көпірлердің кесірінен қазақстандықтар бар туристер үшінші күн қатарынан жолда қалып қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Олардың қатарында Қазақстан, Ресей және Қырғызстаннан келген туристер тобы бар. Күшті су тасқыны Кара-Токой көлі маңындағы көпірлерді бұзып, жол қозғалысын шектеп тастаған. Эвакуацияны күтіп отырғандардың арасында балалар да бар.
Турист Вильданның айтуынша, олардың тобында 10 адам бар, соның ішінде 3 бала бар. Жақын маңда Бішкектен келген тағы бір топ шамамен 30 адам орналасқан.
"Біз осында үшінші күн отырмыз. Көпірлер қалпына келгенше күту керек деді. Бүгін жексенбі, жұмыс жүрмей жатыр. Жақсысы – көлігіміз бен шатырларымыз бар, түнеуге мүмкіндік бар. Барлығының жағдайы жақсы, дүрбелең жоқ", – дейді ол.
Көпірлер қирағандықтан туристер Чаткал өзенінің тармақтарының арасында қалып қойған. Өзенді өз бетімен кесіп өту мүмкін емес, ағысы өте қатты.
Қырғызстан ТЖМ мәліметінше, құтқарушылар адамдарға азық-түлікті өзен арқылы жеткізіп жатыр. Сондай-ақ жергілікті тұрғындар мен малшылар да көмек көрсетуде.
"Көмектесіп жатқан баршаға үлкен рахмет. Малшылар, ауыл тұрғындары, ТЖМ қызметкерлері – бәрі азық-түлік әкеліп, қолынан келгенін жасауда. Әрқайсына алғысымыз шексіз", – деп қосты Вильдан.
Туристер шатыр, көлік және қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Олар көпірлер қалпына келгенше Чаткал алқабынан шығуды күтіп отыр.
Бұған дейін Алматыда Наурызбай ауданының тұрғындары сел қаупіне байланысты эвакуацияланып жатқаны туралы жазған едік. Қазақстандықтарға Алматы қаласының Наурызбай ауданында сел жүру қаупіне байланысты президенттік хабарлама келді.
“Наурызбай ауданында су басу қаупі бар. Бөгетте сүзгілену анықталды. Тұрғындарды шұғыл түрде эвакуациялау қажет”, – делінген хабарламада.
"Қазселденқорғау" мәліметінше, Алматы қаласы аумағындағы өзендердегі жағдай тұрақты бақылауда.
Оқыңыз