Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әйел жұмыртқаны кеудешесіне салып жүріп, балапан шығарды

Йенни Кюхлер мен балапан
Фото: bild.de

Германияда ерекше оқиға болды. Баварияда тұратын 42 жастағы Йенни Кюхлер тауық баспай қойған жұмыртқаларды өзі аман алып қалмақ болып, балапанды спорттық кеудешесінің ішінде басып шығарған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Bild-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Ақпаратқа сәйкес, бау-бақшамен айналысатын әйел екі ергежейлі тауығы бір ұяға жұмыртқа салғанын байқайды. Алайда жұмыртқалардың басылу мерзімі әртүрлі болғандықтан, тауықтардың ешқайсысы оларды толық басып отырмаған. Бір жұмыртқаның ішінен балапан жарып шығуға жақын қалғанын көрген Йенни оны құтқарып қалу туралы шешім қабылдаған.

Ол спорттық кеудеше мен қалың шұлықтан арнайы “ұя” жасап, жұмыртқаларды соның ішіне орналастырған. Кейін оларды киімінің астына салып, үнемі өзімен бірге алып жүрген.

“Спорттық кеудеше өте ыңғайлы болды. Созылмалы әрі денеге жабысып тұрады, сондықтан жұмыртқаларға жылу жақсы жетті”, – дейді Кюхлер.

Ол тіпті түнде де шалқасынан жатып, көп қимылдамауға тырысқан.

Бірінші балапан бір тәуліктен кейін жарып шыққан. Бірақ әйел оны тауық қораға апарғанда, тауық шоқып тастаған. Сондықтан екі күннен кейін шыққан екінші балапанды Йенни өз жанында қалдырған. Оған Титти деген ат қойған. Бұл атау балапан басылып шыққан орынға байланысты қойылған. Неміс тілінде бұл сөз “кеуде” немесе “кеудеше” мағынасында қолданылады.

Қазір балапан әйелге әбден бауыр басып қалған. Ол Йеннидің соңынан қалмайды: жұмысқа да, көлікке де, ваннаға да, тіпті төсекке де бірге барады. Түнде балапан жылытқыш салынған сөмкеде ұйықтайды.

Йеннидің айтуынша, Титти өсе келе әтеш болып шыққан. Сондықтан ол келер уақытта оны қайтадан тауық қораға үйретіп көрмек. Әзірге әйел балапанды жанынан тастай алмай жүр. Себебі одан алыстаса, кішкентай әтеш қатты шиқылдап, мазасыздана бастайды.

Балнұр Рахматуллақызы
Сәрсенбі, 27 Мамыр, 2026 22:05