Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ғалымдар 500 жыл бұрын жойылып кеткен құсты синтетикалық жұмыртқа арқылы қайтармақ

Ғалымдар жасанды жұмыртқалардан жойылып кеткен алып моа құсының 20-дан астам сау балапанын шығара алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Colossal Biosciences жойылып кеткен жануарларды қайта қалпына келтірумен айналысады және екі құс түрін – Моа мен Додо қайта тірілтуді жоспарлап отыр. Бұл үшін көне ДНҚ үлгілері негізінде генетикалық модификация бағдарламалары қолданылып жатыр.

Жалпы компанияның Далластағы штаб-пәтерінде 26 балапан жарып шыққан. Алайда олардың өзі моа емес, бұл технологияны сынау үшін шығарылған тауық балапандары. Ғалымдар мұны жойылып кеткен құстарды қайта тірілту жолындағы маңызды қадам деп бағалап отыр.

Құстарды өсіру үшін жасанды жұмыртқа платформасы пайдаланылған. Ол биоинженерлік силикон мембранасынан және қатты сыртқы қабықтан тұрады. Жүйе табиғи жұмыртқа қабығының қызметін қайталайды: газ алмасуды, ылғалдылықты, температураны және эмбрионның дамуын реттейді.

Ертеректе моа құстарының бойы 3,5 метрге дейін жеткен. Ғалымдардың айтуынша, қазіргі құстардың ешқайсысы алып моаның жұмыртқасын басып шығара алмайды, себебі олардың көлемі футбол добындай болған.

Моа шамамен 500–600 жыл бұрын адамдардың жаппай аулауынан жойылып кеткен. Олардың қазіргі ең жақын туысы – Австралияда кездесетін эму құсы. Бірақ эму жұмыртқалары моа жұмыртқасынан шамамен сегіз есе кіші.

Ғалымдардың түсіндіруінше, процесс ұрықтанған эмбрионнан басталады. Кейін эмбрион мен сарыуыз жасанды жұмыртқа платформасына көшіріледі. Балапандардың толық дамуы 21 күнге созылған және бұл қалыпты даму уақытына сәйкес келеді.

Айта кетейік, жоба ғылыми ортада пікірталас туғызды. Кейбір зерттеушілер технологияны маңызды қадам деп бағаласа, енді біреулері жойылып кеткен түрді толық қалпына келтіру әзірге дәлелденбегенін айтып отыр.

Назархан Уән
Жексенбі, 24 Мамыр, 2026 12:40