Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көлсайда туристік автобус тау беткейінен сырғып кетті (видео)

Фото: Видеодан скрин

Әлеуметтік желіде Көлсай көлдері маңында микроавтобус тау беткейінен төмен қарай сырғып кеткен сәтінің видеосы тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға орнынан түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрларда көліктің бақылаудан шығып, тік еңіспен төмен қарай құлдилағаны көрінеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде автобус ішінде ешкім болмаған. Соның арқасында қайғылы жағдайдың алдын алуға мүмкіндік туған.

Полицияның мәліметінше, оқиға 25 сәуір күні болған. Болжам бойынша, микроавтобус тұрақ орнынан өздігінен қозғалып кеткен.

"Оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ. Көлік иесі арыз жазудан бас тартып, ешқандай шағымы жоқ екенін білдірді", – деп хабарлады ведомство.

Қазір оқиғаның себептері анықталып жатыр.

Полиция таулы аймақта көлікті тұраққа қою кезінде аса мұқият болуға шақырады.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы Медеу маңында тауда тіршілік ететін тау сиырлары жолға түсіп, тұрғындарды алаңдатқан еді. Желіде жануарлардың көлік жүретін жолмен жүріп бара жатқан видеосы тарады. Мамандардың айтуынша, жануарлар жеке меншікке тиесілі және ұлттық парк аумағында заңды түрде жайылады. Ал олардың төменге түсуі ауа райының жылынуымен байланысты болуы мүмкін.

Айым Атамбаева
Сенбі, 25 Сәуір, 2026 19:25