"Қол астындағы қызметкерлерді ұрады": Көпшілік арасында дау туғызған видеодан кейін полиция бастығы қызметінен босатылды
Елорда жол-көлік полиция департаментінің баспасөз қызметі Нұр-Сұлтан әуежайында түсірілген видеоға қатысты түсінік білдірді. Айта кетейік, жазбада ер адамның қол астындағы қызметкерлерді ұрып жатқаны түсірілген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Полиция қызметкерлерінің қатысуымен түсірілген бейнежазба әлеуметтік желілерде таралып кеткен болатын. Жазба кадрында ер адам полицейлердің біріне соққы жұмсайды. Бейнежазба "Желілік полиция бөлімінің бастығы қол астындағы қызметкерлерді ұрады", – деген сөзбен таралған.
Жол-көлік полиция департаментінің баспасөз қызметі видеоролик жарияланғаннан кейін қызметтік тексеру жүргізілгенін мәлімдеді.
"Жол-көлік полиция басқармасының бұйрығымен полиция бөлімінің бастығы, сонымен қатар оның кадр саясаты жөніндегі орынбасары қызметінен босатылды", – делінген хабарламада.
Сонымен бірге көлік басқармасы қызметкерлеріне қатысты тәртіптік шаралар қарастырылғаны айтылады.
"Жол-көлік полиция басқармасының басшылығы бұл әрекетті өрескел тәртіп бұзушылық деп санайды және қызметтік әрі әскери тәртіпті бұзатын басшылар мен қызметкерлерден өз қатарын тазартудағы ұстанымды ұстанады", – деп түйінделеді ведомство мәлімдемесі.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
