Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қырғызстанда TikTok-қа шектеу қойылды

Қырғызстанның ақпарат көздері елде TikTok желісін қолдануға тыйым салынғанын мәлімдеді. Алайда бұғаттау мәселесі желі қолданушылары мен сарапшылар арасында қызу талқыланып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kg сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: 24.kg

БАҚ дерегінше, қолданушылар әлеуметтік желіге кірмек болғанда ол қатып қалады. Кейбір провайдерлер әлеуметтік желіге кіруге әлі тыйым салмаған. 

Бұған дейін Қырғызстанның цифрлық даму министрлігіне қарасты байланыс саласын реттеу және қадағалау қызметі елдің интернет-провайдерлеріне TikTok әлеуметтік желісіне кіруді шектеуді сұрап, хат жолдаған.

Ведомство бірқатар үкіметтік емес ұйымдар балалардың психикалық дамуы мен денсаулығына кері әсер ететін TikTok әлеуметтік желісінің зиян әсеріне алаңдап, өтініш білдірушілер көбейгенін айтты. 

Пайдаланушылардың сөзінше, әлеуметтік желіге тыйым салса, шағын және орта бизнеске зардабын тигізеді. Сонымен қатар олар Қырғыз Республикасындағы сөз бостандығы мен демократияға нұқсан келтіреді, жастардың өзін-өзі дамыту мүмкіндіктеріне шектеу қояды деп сынады.

Айта  кетейік, Қырғызстанның интернет-провайдерлеріне байланыс саласындағы реттеу және қадағалау қызметінен ел территориясында TikTok-қа кіруді шектеу және 18 сәуірге дейін жазбаша жауап беру туралы хат келіп түскен.
Шешім шығаруға TikTok тарапынан "Балалардың денсаулығына, олардың физикалық, интеллектуалдық, психикалық, рухани және адамгершілік дамуына зиян келтірудің алдын алу жөніндегі шаралар туралы" Қырғызстан Республикасы заңын сақтамау негіз болғаны айтылды.

Талқылау