"720 миллион теңге жұмсалды": Режиссер Қуаныш Бейсек "7 Қарақшы" фильмінің шығынын жариялады
Қазақстандық режиссер Қуаныш Бейсек “7 Қарақшы” фильміне 720 миллион теңге жұмсалғанын мәлімдеп, оның қайда кеткенін түсіндірді. Ол картинаның 47 ауысым бойы түсірілгенін айтып, актерлерден бастап декорация мен пост-продакшнға дейінгі шығынды жеке-жеке атады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қуаныш Бейсектің сөзінше, Қазақстанда фильмдер көбіне 15-20 ауысымда түсірілсе, “7 Қарақшының” түсірілімі 47 ауысымға созылған.
Режиссер 720 миллион теңгенің қалай жұмсалғанын былай түсіндірді:
- 170 миллион теңге – түсірілім алаңындағы мамандардың гонорары мен салықтарына;
- 30 миллион теңге – техникаға жауапты мамандардың еңбекақысына;
- 44 миллион теңге – камера, жарық, кран және басқа кинотехниканы жалға алуға;
- 56 миллион теңге – көлік шығындарына;
- 55 миллион теңге – негізгі актерлер, массовка мен эпизодтық рөлдерге;
- 73 миллион теңге – монтаж, түсті өңдеу, дыбыс, музыка, анимация мен графикаға;
- 204 миллион теңге – көркемдік безендіру мен декорацияға;
- 5 миллион теңге – түсірілім орындарын іздеуге;
- 83 миллион теңге – қосылған құн салығына жұмсалған.
Жалпы шығын көлемі 720 миллион теңге.

Режиссердің айтуынша, түсірілім кезінде Отар мен Күртіде де жұмыс жүргізілген. Қаладан тыс жерде түсірілім болғандықтан, көлік шығынына жүрген жолдың шақырымы да қосылған.
Ал пост-продакшн кезінде ең көп шығын графикалық жұмыстарға кеткен. Мәселен, фильмдегі бомбаның бейнесі шамамен 300 кадрда графика арқылы қайта жасалған.
“Ең көп ақша графикаға кетті. Бомбаны бүкіл кадрда ауыстырдық. 300 кадрға жуық. Бэкстейджден көрсеңіз, түсірілім кезінде басқа бомба болған”, – деді режиссер.
Сондай-ақ фильм үшін бірқатар декорация арнайы салынған. Бейсектің айтуынша, бункер, ауылдағы үй, банк пен түрме толықтай тұрғызылған. Пойыздың іші-сырты жасалып, түсірілімге қажет төрт көлік сатып алынып, қайта жабдықталған.
Режиссер жақын арада фильмнің қалай түсірілгені туралы деректі фильм де жарық көретінін айтты.
“Көруге тұрмайды дегенмен келіспеймін”
Сонымен қатар Қуаныш Бейсек әлеуметтік желіде “7 Қарақшы” фильміне қатысты көрермендердің сынына жауап берді. Ол туындысының мінсіз емес екенін мойындағанымен, фильмді “көруге тұрмайды” деген бағалаумен келіспейтінін жеткізді.
Режиссердің сөзінше, ол бұған дейін де талай сын естіген. Алайда билетке ақша төлеп барған көрермендердің өзге адамдарды фильмге бармауға шақырғанын түсіне алмайтынын жеткізді.
“Сынды көтереміз ғой, бірінші рет сыналып жатқан жоқпын. Сонда да 2000 теңге төлеп, “зая кеткен ақшам-ай, киноға бармаңдар” деп жазып жатқан адамдарды түсіне алмадым. “Қазақ киносын қолдайық” деген манипуляция жазғым келмейді. Бірақ шынымен де сұраныс болмаса, қолдайтын кәсіпкер де, экспериментке ашық режиссерлер де болмайды. Идеал кино емес, екінші түсірген кином негізі. Бірақ баруға тұрарлық емес деген дәрежеде деп ойламаймын”, – деді Қуаныш Бейсек.
Алайда желі қолданушыларының пікірі екіге жарылған. Көрермендердің бір бөлігі режиссердің түсіру мәнерін, визуалдық шешімдерін атап өтсе, негізгі сын сценарий мен оқиға желісіне бағытталған.
Бір көрермен режиссердің стилі ұнайтынын, алайда сценарий әлсіз болғанын жазған.
“Түсіру стиліңіз өзіме ұнайды. Алайда сценарийлеріңіз өте әлсіз. Кино тек әдемі картинкадан тұрмайды ғой. Бірінші кезекте әрқашан хикаяның өзі болу керек. Хикая әлсіз болса, миллиондап жұмсаған әдемі картинка мен промодан еш пайда болмайды”, – деп пікір қалдырған ол.
Тағы бір желі қолданушысы фильмнің басы қызық басталғанымен, кейін қарқыны бәсеңдегенін айтқан.
“Хейт емес. Бастапқы 20 минут күшті басталды, денем тітіркенді. Сосын біртіндеп іш пыстырарлық болып кетті. Актерлік ойын, режиссерлік жұмыс – бәрі керемет, бірақ сценарий өте әлсіз. Тарантино және басқа режиссерлердің қолтаңбасы байқалып тұрды. Бірақ оқиғаның шарықтау шегі, тартысы, “ары қарай не болады?” деген интрига жетіспеді”, – дейді көрермен.
Кейбір пікір иелері фильмдегі жекелеген көріністердің шынайылығына да күмән келтірген. Соның ішінде атом бомбасына қатысты эпизод сынға ұшырады.
“Атом бомбасын қарбыздай тасып жүгіргендерін көргенде күлдік. Муляж болғанның өзінде салмағы болар еді. Оны қолмен себетке тыққан көрініс сенімсіз шыққан. Бұл жай ғана бір мысал. Сюжет те әлсіз”, – деп жазған көрермендердің бірі.
Ал тағы бір пікірде фильмнің жарнамасы сәтті жасалғанымен, режиссерлік шешімдер көңілден шықпағаны айтылған.
“Қуаныш өзін маркетинг жағынан тағы да жақсы көрсетті. Фильмді өте сәтті жарнамалады. Бірақ режиссерлік кресло өзіне шақ келмегендей әсер қалдырды. Трейлерде фильмдегі негізгі көріністердің бәрін көрсетіп қойған. Оқиғаны екі сағатқа созудың қажеті болмады. Трагедия сезілмейді, кейіпкерлер де жанашырлық тудырмайды”, – деп жазған ол.
Көрермендердің тағы бір бөлігі режиссердің сынға жауап берген кезде фильмнің жеке инвестициямен түсірілгенін, түсірілімге қазақстандық мамандардың тартылғанын алға тартуын сынға алды.
“Мәселе 720 миллион теңгені жеке инвестициямен салғаныңызда емес. Мәселе – сын айтылған кезде “жеке ақша”, “қазақстандық мамандарға жұмыс берілді” деген аргументтермен әңгімені басқа арнаға бұруда. Операторлар, монтажерлер мен костюмерлердің ақша алуы фильм сапасына жауап емес. Мамандарға жалақы төлеу – кез келген өндірістің қалыпты процесі”, – деп жазған желі қолданушысы.
Тағы бір пікір иесі фильмді соңына дейін көрмей, залдан шығып кеткен адамдар болғанын айтқан.
“Фильм бос. Адамдар кинотеатрдан фильм бітпей жатып шығып кетті. Әдетте кинодан кейін қай жері ұнады, қай тұсы күшті болды деп талқылайтын едік. Бұл жолы тіпті талқылайтын ештеңе болмады. Іш пыстырады”, – деген пікір қалдырған.
Еске салайық, бұған дейін белгілі режиссер Қуаныш Бейсек екінші рет блогермен отау құрғаны хабарланған еді.
Қазақстандық әйел жалға алушыны пәтерінен шығара алмай, сотқа берген: Алайда сот қараудан бас тартты