Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қайрат Нұртас қызы Алаумен сахнада бірге билеп, жұртты сүйсіндірді

Қайрат Нұртас пен Алау
Фото: Tiktok.com/@boatbekv

Әнші Қайрат Нұртас шығармашылығына 20 жыл толуына арналған мерейтойлық концертін Алматыдағы Орталық стадионда өткізді. 4 қазанда өткен ауқымды шоуға 40 мыңға жуық көрермен жиналды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Концерттен кейін өнер иесі әлеуметтік желіде алматылық көрерменге алғысын білдірді.

“Рақмет, Алматы! 40 мың адам. Бұл тарихты бірге жаздық”, – деп жазды Қайрат Нұртас.

Кеш барысында әнші көпшілікке жақсы таныс хиттерін орындап, көрерменмен бірге ән шырқады. Желі қолданушылары да концерттен алған әсерін жарыса жазып, шоуға жоғары баға берді.

“Мұндай халықты бұрын-соңды көрмеппін, лық толды”, “Өте керемет концерт болды. Қайрат – аңыз”, “Арнайы Бішкектен келдік, еш өкінбедік”, “Бүкіл Алматы биледі”, – деп жазды жанкүйерлер.

Концерттегі ерекше сәттердің бірі – Қайрат Нұртастың қызы Алаумен бірге сахнада билегені болды. Әнші “Ол сен емес” әнін орындап жатқанда, әкелі-қызды жұп көпшіліктің көңілін бірден аударды.

Алаудың әкесінің жанында еркін билеп, қылық көрсеткен сәті желі қолданушыларына да ерекше әсер етті.

“Түрі – Жұлдыз, қылықтары – Қайрат”, “Жұлдыз сияқты әлемі осы Алау қызы”, – деп жазды желідегілер.

Желі қолданушылары әкесі мен қызының сахнадағы жарасымды сәтін жылы қабылдап, Алаудың қылығы мен еркіндігін сүйсіне талқылаған.

Айта кетейік, Қайрат Нұртас шығармашылығының 20 жылдығына арналған алғашқы үлкен концертін 27 қыркүйекте Астанада өткізген. Әншінің мерейтойлық концерттері алдағы уақытта Шымкент, Қызылорда, Атырау және Ақтөбе қалаларында да жалғасады.

Балнұр Рахматуллақызы
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 15:16