Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға": Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтады

Тоқаев мұғалімдерді құттықтады
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздарды кәсіби мерекесімен құттықтап, мұғалім мәртебесін көтеру мен педагогтерді қолдау жалғаса беретінін айтты. Мемлекет басшысы биыл 12 мыңнан астам түлек педагогика мамандығына грант алғанын, ал жаңа оқу жылы қарсаңында мектептерге 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданғанын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай салтанатты іс-шара өтіп, президент Мұғалімдер күні бүкіл қоғамды біріктіретін, нағыз халықтық сипаты бар, қастерлі де қадірлі мерекеге айналғанын атап өтті.

“Ұстаз – әр адамның өмірінен ерекше орын алатын тұлға. Бұған ешкімнің де таласы жоқ деп ойлаймын, бұл – бәрімізге ортақ пікір. Ұстазды ұлықтау өркениетті қоғамның болмысын айқындайтын аса маңызды қасиет саналады. Баршаңызға мәлім, біз "Педагог мәртебесі туралы" арнайы заң қабылдадық. Мемлекеттік марапаттар тізіміне "Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы" атағы енгізілді. Елімізде бірнеше мұғалім ең жоғары мемлекеттік награда – "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болды. 5 қазан күні Ұстаздардың кәсіби мерекесі ретінде нақты бекітілді. Біз жыл сайын бір қоғам болып осы мейрамды кең көлемде атап өтіп жүрміз. Биыл да мереке күндері барлық аймақта әкімдер мұғалімдер қауымын марапаттап, оларға ерекше құрмет көрсетіп жатыр. Ұстаздарды дәл осылай жалпыұлттық деңгейде ұлықтау ісі жалғасын табады”, – деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы елімізде педагог мамандығын таңдаған жастардың қатары артып келе жатқанын жеткізді. Биыл 12 мыңнан астам түлек, соның ішінде екі мыңнан аса "Алтын белгі" иегері педагогика мамандығы бойынша мемлекет грантына ие боған.

“Мұғалімдік жолын таңдаған студенттердің шәкіртақысы 2,5 есе көбейді. Жаңа оқу жылы қарсаңында аймақтарда 15 мыңнан астам мұғалім жұмысқа қабылданды. Олардың жартысына жуығы – жас мамандар. Бұл – мектептерге білімді, жігерлі, ұшқыр ойлы мұғалімдердің жаңа буыны келіп жатыр деген сөз. Ұстаздыққа енді қадам басқан жас мамандарға аға буын көп көмек көрсетуге тиіс. Сонда олар да өз ісінің нағыз шебері болып қалыптасады. Сондай-ақ кәсіби сабақтастық дәстүрі пайда болады. Біз оқу-ағарту саласының кадрлық әлеуетін күшейте түсуіміз керек. Бұдан бөлек, білім-ғылым саласындағы халықаралық ынтымақтастықты күшейтуге баса мән беру маңызды. Шет мемлекеттерге сапарларым кезінде мен әлемнің озық оқу орындарымен байланыс орнату, ықпалдастықты нығайту мәселесіне айрықша назар аударамын”, – деп қосты ол.

Тоқаев осы тұста Қазақстанда 4 миллионнан астам оқушы бар екенін, яғни, еліміздің әрбір бесінші азаматы мектепте білім алып жүргенін жеткізді. Айтуынша, соңғы жеті жылда елімізде 1 миллионнан астам оқушыға арналған 1342 мектеп салынған.

“Өздеріңіз білесіздер, біз бұл бағытта нақты шаралар қабылдап, белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Биыл тағы 101 мектеп салынып жатыр. "Келешек мектептері" ұлттық жобасы аясында білім беру мекемелерінің жаңа стандарты қалыптасты. Соның арқасында заманауи инфрақұрылымы бар, балалардың сапалы білім алып, дамуына барлық жағдай жасалған оқу ордалары бой көтеруде. Бүгінде 460 мың оқушыға арналған осындай 217 мектеп салынды. Сол мектептердің 84-і, яғни 40 пайызға жуығы ауылдық жерде орналасқан. Мен өз сөздерімде әрдайым айтып жүрмін: ауыл мектебі де, қала мектебі де балаларға бірдей сапалы білім беретін заманауи оқу мекемесі болуы керек. Қазіргі таңда мемлекет Жасанды интеллект жүйесіне негізделген арнайы сабақтарды орта мектептерге жаппай енгізу бағдарламасын іске асыруда. Бұл – өте маңызды жұмыс. Үкімет осы мәселеге баса мән беруге тиіс. Жалпы, аймақтарда мектеп тапшылығы мәселесі болмауы керек. Өйткені тағы да қайталап айтамын, бұл – мемлекеттің болашағына әсер ететін өте маңызды фактор”, – деді мемлекет басшысы.

Президент Үкіметтің осы мәселені де әрдайым назарда ұстауы қажет екенін тапсырды. 

Гүлсезім Мұхатай
Дүйсенбі, 05 Қазан, 2026 15:25