Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.
Халқын назды әуенімен тербеткен әнші Роза Әлқожаның өмірбаяны
Құрметті оқырмандар Stan.kz ақпараттық агенттігі аяулы жар, ардақты ана, қамқор әпке, танымал әнші, ақын, композитор Роза Әлқожаның өмірі туралы сыр шертіп, қызықты деректер ұсынбақ.
Танымал әнші, әрі ерекше қоңыр дауыс иесі Роза Әлқожа 1981 жылы 1 қазанда Өзбекстан мемлекеті Амангелді ауылында дүниеге келді. Халқын назды әуенімен тербеткен әншінің өмірге келуі де қызық. Әлқожа отбасында Розаға дейін бала тұрмаған. Бір перзентке зар болған ата-анасы тіпті ажырасуға да бекінген екен. Сол жылы анасының құрсағына болашақ әнші Роза Әлқожа біткен. Алайда тексеріп, диагноз қойған дәрігерлер іштегі сәбиді өліге балап, алып тастамақ болыпты. Сонда ескіліктен хабары бар әжесі дәрігерлер сөйлей береді, Ташкент жақта бір ишанға көрсетеміз деп, келінін ауруханадан алып кеткен. Сөйтіп, енесінің ақылымен, молдаға қаралған келіні Роза есімді қыз баланы дүниеге әкелді. Осылайша, Розаның артынан бес бала дүние есігін ашты.
Бір қызығы, молда әлі ішке бітпеген қыздың өзіне Рамазан айында туылады, есімі Роза болсын деп, дүниеге келмей жатып ат қойған екен. Отбасының тұңғышы болғандықтан Роза ата-әжесінің қолында тәрбиеленеді. Сондықтан, туған ата-анасы оның атын атамайды. Роза Қазығұртта домбыра үйірмесіне барып, содан кейін «Әнші балапан» байқауына қатысып, бас жүлдені жеңіп алды.
Мектепті алтын белгімен бітерген әнші анасының кеңесімен Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ның журналистика факультетіне оқуға түседі. Розаның дауысы ерекше болса да, анасы қыз бала болашақ келін болғандықтан, оның жаңа отбасы әншілігіне қалай қарайды деп, қызына журналист болуға ақыл берген.
Мектеп табалдырығынан ән-өлеңге құмар болашақ әнші 8 сыныптан бастап өлеңдерге ән жазған. Кейін университетте оқып жүріп түрлі мерекелік іс-шараларға қатысады, өзін әншілік қырынан танытады.
2002 жылы жоғарғы оқу орнын тәмамдаған соң, Нұртөре Жүсіптің шақыртуымен “Ақ жол – Қазақстан” қоғамдық-саяси газетінің өнер бөлімінде жұмыс істейді. Жұмысы да өнермен тікелей байланысты болғандықтан, өзі де өнер жолына түсуге шешім қабылдап, киелі сахнаның табалдырығын аттайды.
Ең әуелі жар болып, келін бола біл деген ата-анасының сөзіне құлақ асып, өмірлік жарын тапты. Әнші жарына да “өнерімді өлтірмесең болды, мен сені әлемдегі ең бақытты жан етемін” деп шарт қойған көрінеді. Өмірлік жарының да қолдауына ие болған әнші килі сахнаға екі баланы дүниеге әкеліп, бір-ақ шықты. Ал студент кезінде көрген үлкен сахнасы ҚазҰУ-дың студенттер сарайы болды. Осы сахнада «Орамалды» айтатын қыз деген атқа ие болды. Сондықтан да бұл сахна Роза үшін ең ыстық, ең киелі орын.
Осылайша, 2008 жылы өнер жолына қадам басқан әншінің “Мен сыйға тартқан орамал” деген алғашқы альбомы жарық көрді. Розаның “Мен сыйға тартқан орамал”, “Жылатқаның неткенің”, “Қара күз”, “Мына өмір ғажап қандай ” әндері халықтың жүрегінен орын тауып, әнші елдің сүйікті әншісіне айналды.
2013 жылы Роза Алматыда жеке концертін берді. Сондай-ақ, Роза Әлқожа керемет қоңыр дауыс иесі ғана емес, ақын, композитор.
Талант пен мықты дауысы, сәттілік пен мінезі оған үлкен сахнаға шығуына көмектесті. Роза қазақтың дәстүрлері мен жаңа музыкалық үрдістерді біріктіріп, бірегей сахна имиджін құрды.
Әнші жанкүйерлеріне үлкен нәзіктікпен және құрметпен қарайды, сол себепті олардың саны күн сайын өсіп келеді. Көптеген адамдар 2015 жылы болған оқиғаны ұмытпайды. Сол жылы Роза Әлқожаның Теміртау қаласындағы концерті толық қараңғылықта өтті. Ұйымдастырушылар залды электрмен қамтамасыз ете алмады. Бірақ әнші көп тыңдаушылар жиналған концертті таратпауға бел байлады. Сонда әнші сахнаға шығып, микрофон жұмыс істемесе де, ал музыканттар аспаптарды қоса алмаса да жанды дауыспен ән шырқады.
Танымал әншінің жанкүйерлері оның отбасы мен туыстарын өте қатты бағалайтынын жақсы біледі. Олармен жақсы қарым-қатынас табысты мансаптың алғашқы шарты деп санайды. Роза Әлқожаның өмірбаяны мен жеке өмірі, шығармашылығы ешкімге құпия емес. Себебі, әнші жиі бағдарламаларда және телешоуларда өзі туралы айтып жүреді. Дегенмен, орындаушы сахнаны және отбасылық өмірді еш уақытта біріктірген емес.
Роза Әлқожа Айдын Қаба есімді журналистпен шаңырақ көтерді, бүгінде өнегелі отбасы 5 бала тәрбиелеп отыр. Әнді жүрегімен айтатын әнші былтыр Қазақ Мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің “Өнер және мәдениет” факультетін бітіріп, екінші дипломын алды.