Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанның БҰҰ бітімгершілік миссиясына қанша қаржы жұмсайтыны және әскерилердің жалақысы белгілі болды

Қазақстан БҰҰ бітімгершілік миссиясына қанша қаржы жұмсайды? Бұл туралы қорғаныс министрі Руслан Жақсылықов мәжіліс алаңында айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Жақсылықовтың айтуынша, қосымша қаражат тек қару-жарақ, оқ-дәрі мен техниканы тасымалдауға жұмсалады.

“Бұл – шамамен 8 миллион доллар (3 миллиард теңге шамасында). Тасымалдауға кетеді. Біздің жалақымызды БҰҰ стандарттары бойынша төлейді. Әр сарбаз ай сайын 1 мыңнан астам доллар (450 мың теңге) алады”, – дейді Жақсылықов.

Сонымен қоса министр бітімгерлік миссияға қатысатындар арасында тек кәсіби әскери қызметшілер болатынын баса айтты. Олар – оқудың толық циклін аяқтаған сарбаздар мен офицерлер.

“Олар онда тура бір жыл қалады. Бұл миссияның ерекшелігі де сол – біз бірінші рет тапсырманы өз бетімізше орындаймыз”, – деп қосты министр.



Айта кетейік, Қазақстан Голан төбелері мен бірқатар басқа аймақтарға 430-ға дейін бітімгершілік күштерін жіберетіні белгілі болған. Мұндай ұсынысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев депутаттардың қарауына жолдаған. Парламент депутаттары бітімгершілік күштерді жіберу туралы ұсынысты бір ауыздан қолдады.

Бітімгершілерді орналастыру 2024 жылғы наурыздан басталады деп жоспарланып отыр. Осы мақсатта БҰҰ-мен тараптардың міндеттемелерін, сондай-ақ контингенттің миссияға қатысуын қаржылық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету мәселелерін анықтайтын халықаралық келісім жасалады. Әскер мен техника Қазақстанның есебінен тасымалданады.

Талқылау