Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Басы даудан арылмаған Тұрлыханов пен Дайрабаев Ұлттық құрылтайдың құрамынан шығарылды

Бүгін Ақорданың баспасөз қызметі Ұлттық құрылтай құрамының өзгергенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Турлыханов - Дайрабаев

Мәлімдемеде Ұлттық құрылтай жұмысына басқа қоғам өкілдері тартылатыны айтылған:

  • Қазақстандағы бала құқықтары бойынша уәкіл Динара Закиева;
  • "Қазақстанның кәрістер қауымдастығы" ЗТБ төрағасы Юрий Шин;
  • Қазақстанның Еңбек ері, Семейдегі № 7 орта мектеп-лицей мұғалімі Алма Шұқыжанова;
  • ҚР парламент мәжілісінің депутаттары Нұрлан Әуесбаев пен Никита Шаталов;
  • Zhubanov university басқарма-төрағасы, ректор Лаура Қарабасова;
  • пара жеңіл атлетика бойынша спортшы Айсұлу Сүлейменова;
  • дүнген этносының көшбасшысы Лугмар Буларов;
  • "Азаттық рухы" ақпарат агенттігінің тележүргізушісі, журналист Кристина Гринько. 

Бұдан бөлек құрамға бірнеше аймақтан қоғамдық кеңес мүшелері кірді.
"Ұлттық құрылтай құрамынан Б.Әлтеев, А.Толамысов, Г.Қанай, С.Огай, Ж.Дайрабаев, Қ.Майгелдінов, Б.Уәли, А.Тимощенко-Боровикова, С.Сарыбай, Д.Тұрлыханов, А.Лодочников, С.Құранбек, Э.Суларов шығарылды", - деп толықтырды баспасөз қызметі.

Сонымен қатар қазір көктемде өтетін Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысына дайындық жасалып жатқаны хабарланды. 

Айта кетейік, қос депутаттың ұлдарына қатысты бірнеше рет дау болған. 

Еске салайық, бұған дейін Тұрлыхановтың ұлының үстінен адвокаттардың шағымынан кейін қылмыстық іс қозғалған. Тұрлыхановтың 20 жастағы төртінші ұлы Нұрасыл Болат сот шешімімен кінәлі деп танылып, оған 1 миллион 700 мың теңге айыппұл салынған.

Кейін Тұрлыхановтың тергеудегі ұлы Нұрасыл Болат әскери бөлімнен қашып кеткені белгілі болған. Осыдан кейін ол басшылық бұйрығына бағынбағаны және орындамағаны үшін 15 тәулікке қамауға алынды.



Бұған дейін әлеуметтік желіде  Дәулет Тұрлыхановтың ортаншы ұлы мен қыздың арасындағы жанжалға байланысты видео тараған. Дәулет Тұрлыханов бұл жағдай өзінің отбасына кейінгі жылдары жасалған кезекті ақпараттық шабуыл деп ойлайтынын атап өткен.

Осы оқиғалардан кейін қоғам арасында мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов мандатын тапсыруға тиіс деген пікірлер айтылған. Алайда өзін халық жақсы көретінін айтқан депутат бұған қарсы пікірін білдірген. 

Ал "Ауыл" партиясының өкілі көптен бері жұрттың назарында жүр. Бұған дейін депутаттың екі ұлы Марат Дайрабаев пен Дидар Молдақалықов алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылған. Олардың мүлкі тәркіленіп, бес жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.

Содан кейін Василий Ковешников есімді азамат Дайрабаевтар отбасында екі жыл құлдық жағдайында өмір сүргенін айтып, шағымданған. Кейін белгілі болғандай, ер адамның қолында байланыс телефоны мен құжаттары болғанымен, оған жалған субсидияларға алынған құлпынай алқабын қорғағаны үшін ақша төленбеген.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Жамбыл облысындағы Мерке ауылының тұрғыны видео жариялап, 140 миллион теңгелік үйін Жигули Дайрабаев "заңсыз тартып алды" деп мәлімдеген. Айтуынша, Дайрабаев сот процесіне араласып, үйді өз атына рәсімдеп алған. Ал баспана ұжымдық басқаруда болғандықтан, Дайрабаевқа келісімсіз берілмеуі керек еді дейді. 

Ауған соғысының ардагері Саит Рузиев үйді Жигули Дайрабаевқа сатып жіберген әйелімен бірнеше жыл бойы соттасып келген. Сөзінше, бұрынғы әйелі оның келісімін алмай, жалған құжаттар дайындап, жер үйді Жигули Дайрабаевқа сатып жіберген. 

Көп ұзамай Жигули Дайрабаев өзін "жер үйді тартып алды" деп айыптағандарға жауап беріп, мұны жоққа шығарған еді. Депутат нотариус арқылы жасалған келісімшарттың заңды екенін алға тартып, үй иелерінің құқығы сақталғанын мәлімдеді. Кейін депутатты айыптаған азамат сотта жеңіп шықты.

Талқылау