Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтар мектеп оқулықтарының мазмұнын талқылап, өзгерте алады

Қазақстандықтар енді алдағы оқу жылына арналған жаңа оқулықтардың жобалары талқыланады. Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды пысықтау кезінде ата-аналардан, мұғалімдерден және мүдделі азаматтардан түскен барлық ескерту ескерілетініне уәде береді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

pixabay.comФото: pixabay.com

“2025-2026 оқу жылы қолданысқа енгізілетін 4-сыныптарға арналған оқулықтар қоғамдық талқылауға шығарылды. Ол үшін білім мазмұнын сараптау орталығының bmso.kz сайтындағы "Оқу әдебиеттерін қоғамдық талқылау" бөліміне өту керек”, – деді оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.

Талқылауға мұғалімдер, ата-аналар, қоғамдық ұйымдардың өкілдері мен мектеп оқулықтарының сапасына бей-жай қарамайтын барлық азаматтар қатыса алады. Сайтта келесі пәндер бойынша оқулықтардың мазмұнымен танысуға болады: "Орыс тілі" (оқыту қазақ тілінде жүргізілетін мектептер үшін); "Еңбекке баулу", "Бейнелеу өнері", Шет тілдері (ағылшын, неміс, француз), сондай-ақ "Цифрлық сауаттылық" бойынша электронды оқулық нұсқалары. Талқылау 30 қыркүйекке дейін жалғасады.

Атап өту керек, қолданыстағы заңнама бойынша бүгінде оқулықтар сараптаманың бес кезеңінен өтеді: ғылыми-педагогикалық сараптама, оқулықтарды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу, қоғамдық-педагогикалық талқылау, пәндік сарапталық комиссияның қарауы. Қазіргі уақытта аталған оқулықтар қоғамдық талқылаумен қатар, еліміздің бірнеше өңірлерінде 31 пилоттық мектепте сынақтан өткізіліп жатыр.

“Ғылыми-педагогикалық сараптамаға ғалымдар мен біліктілік санаты "зерттеуші педагогтен" төмен емес практик-мұғалімдер тартылады. Сарапшылар арнайы оқу курсынан өтіп, сарапшы сертификатын алған және республикалық сарапшылар базасына енген. Осындай жоғары талаптар сынақ және пәндік сарапталық комиссия қатысушыларына да қойылады. Пәндік сараптама комиссиясының шешімімен сараптаманың барлық кезеңдерінен өткен оқулықтар мектептерде пайдалану үшін және оқу-ағарту министрлігі бекітетін оқулықтар тізбесіне енгізу үшін ұсынылатын болады”, – делінген министрліктің хабарламасында.


  • Қазақстандық оқушылардың оқитын пәндері Жапония мен Канадаға қарағанда 2,5 есе көп – Депутат

Еске салайық, бұған дейін 7-сыныптың география кітабында Қазақстанның жері Ресей-Еуразия аумағы деп көрсетілгенін жаздық. Желі қолданушысы география кітабындағы картада Қазақстанның орналасқан аумағы дұрыс көрсетілмегенін айтты. Сөзінше, еліміз Ресей-Еуразиялық аймаққа енгізілген. Бұл көптің ашуына тиіп, видео қызу талқыға түскен. Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының мамандары 7-сыныпқа арналған "География" оқулығы 2017 жылдан бері қолданыста екенін айтты. Сөздерінше, "Атамұра" баспасынан шыққан кітапта КСРО-ның ыдырауы кезінде пайда болған жаңа тәуелсіз мемлекеттердің географиялық орнын белгілеу үшін "Ресей-Еуразиялық аймақ" атауы қолданылған. Олар бұл өзгеріп келе жатқан әлемнің тарихи-мәдени аудандарының сызба-картасы деп түсіндірді.

Айым Атамбаева
Бейсенбі, 05 Қыркүйек, 2024 10:23