Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық бойжеткен анасының қыр-соңынан қалмаған ер адамды Әзірбайжанға депортациялауды сұрады (видео)

Астана мен Қостанайда ел азаматшасына зорлық-зомбылық жасады және оны қудалады деп айыпталған Әзірбайжан азаматына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

ер адам әзірбайжан

Фото: видеодан скриншот

Елорда полиция департаментінің мәліметінше, Қостанай облысының полициясы әйелге қауіп төндіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. 

“Сонымен қатар Астана полициясы аталған азаматқа қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізіп жатыр. Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабы бойынша қажет тергеу шаралары жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады Астана полициясы.

Бұған дейін Instagram парақшасында Исламина Мурзабаева есімді бойжеткен өзінің Алматыда, ал анасы Қостанайда тұратынын айтқан еді. Бір жылға жуық уақыттан бері екеуі де қорқынышпен өмір сүріп жатыр. Ең әуелі, Исламина анасының өміріне қауіп төне ме деп қорқады. Оның айтуынша, анасы онымен айырылысып кеткеннен кейін бұрын бірге тұрған адам оны аңдып, қызғаныштан ұрып-соққан.

"Немолчи" қоғамдық бірлестігінің негізін қалаушы Дина Таңсәрі қостанайлық әйелге Әзірбайжан азаматы тыныштық бермей, бір жыл бойы қудалап, ұрып-соғып жүргенін айтады.

“Қостанайдағы біздің қорғауымыздағы әйелді Әзербайжан азамат қудалап, ұрып-соғады. Жәбірленушіні қызыңның “басын әкелемін”, “сүйектерін сындырамын” деп қорқытады екен. Ол бізден көмек сұрады. Әйел 2023 жылдың жазында онымен қарым-қатынасын үзген. Алайда қорқыту мен ұрып-соғу әлі де жалғасып жатыр. Қорымызға жәбірленушінің қызы көшеде ұрып-соққан видеоларды жолдады”, – дейді қоғам белсендісі.



Анықталғандай, Әзірбайжан азаматы еліміздің визалық режимін де бұзған. Өйткені Дина Таңсәрінің айтуынша, Қазақстан соты оны 27 сәуірде елден шығару жайлы үкім шығарған. Алайда 17 күн өтсе де, полиция оны әлі таба алмай жүрген көрінеді. Дина Таңсәрінің айтуынша, полиция оны бір рет ұстап, қайта босатқан.

“Бір кезде қолына пышақ ұстап келіп, есікті қақты. Ол уақытта анам үйде жоқ еді. Егер ол үйде болғанда не болар еді, тіпті, білмеймін. Бұл адамның қолынан бәрі келеді. Полиция келіп, біреудің үйіне басып кіріп, бәрін сындырғанына қарамастан, бір күнге ғана алып кетті”, – деп Исламина Мурзабаева таңданысын жасырмады.

Сол себепті бойжеткен Әзірбайжан азаматын Қазақстаннан депортациялауды талап етіп отыр.

Еске салайық, бұған дейін парламент “Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заңды екінші оқылымда мақұлдаған еді.

Талқылау