Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстандық боксты өзгерту керек": Ермахан Ибраимов Токиодағы Олимпиадада жеңілген боксшылардың ойынына баға берді

"Алматы" олимпиадалық даярлау орталығы директорының орынбасары  Ермахан Ибраимов Токио Олимпиадасында жеңілген боксшылар жайлы пікірін айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Ибраимов

Оның айтуынша, Қазақстан боксына тактикалық тұрғыда өзгерістер енгізу керек.

"Біздің боксшылар алдыңғы қолмен мүлдем жұмыс істемейді. Тек күштірек қолына сенеді, оң болса оң қолмен, солақай болса – сол қолымен қатты соққы жасайды. Бірақ қашықты сақтамайды. Лондондағы Серік Сәпиевтей, Афинадағы Бақтияр Артаевтай жақсы ойын көрсете алмай жатыр. Сондықтан бұл жерде тактикалық тұрғыдан бүкіл боксшыға өзгеріс керек. Аяқпен қорғаныс жасау деген ұғым бар. Мұхамед Әли айтқандай, “көбелек тәрізді ұшып-қонып, ара сияқты шағу керек”. Сондай боксшыны қазір көрмей отырмын. Әлі де жігіттерге айтарым, аяқпен жұмыс істеңіздер, қашықты сақтап, қайтадан жетіп барып, қорғаныс жасау керек. Сондай өзгерістер енгізер едім", – деді Ермахан Ибраимов.



Ол Василий Левиттің қателігі туралы өз ойын айтты. 

"Олимпиада ойындарындағы спортшыларға алдаңғы уақытта тек қана жеңіс тілей отырып, 91 келідегі Василий Левиттің ойынына тоқтала кетейін. Василий Левит екінші раудта испан спортшысының соққысынан қатты нокдаун алды. Бұл ойынды өте жақсы бақылап отырдым. Рингтегі төреші бірінші соққыдан кейін-ақ ойынды бірден тоқтатып, нокдаун санау керек еді. Рингтегі төреші моментті жіберіп алды және қарсыласына тағы соққы жасауына мүмкіндік берді. Бұл жерде бірінші кезекте рингтегі төрешіні кінәлар едім", – деді Ибраимов.

Оның пікірінше, 69 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен Абылайхан Жүсіповке тым көп жауапкершілік артылған.

"Абылайхан Жүсіпов пандемия кезінде бір жыл бойы Олимпиада ойындарын күтті. Бұл психологиялық тұрғыда өте ауыр. Содан кейін 69 келі салмақ қазақтардың салмағы болып саналды. Одан "алтын" алу парыз сияқты көрінетін. Қанша дегенімен жас боксшы осындай үлкен жауапкершілікті көтере алмады, ойында өте сылбыр ойнады, созған қолымен соққы жасамады, қашықты сезінбеді. Тек төбелесе берді, аяқ жағында америкалық боксшыдан жеңіліп қалды. Ең басты себеп – үлкен жауапкершілікті көтере алмағаны", – дейді ол.

Ибраимовтың пікірінше, спортта психологиялық фактор шешуші рөл ойнайды. 

"Бекзад Нұрдәулетов созған алдыңғы қолымен мүлдем ойнамады. Өздеріңіз көрдіңіздер, ресейлік қарсыласының бойы әлдеқайда қысқа, оны алыстан-ақ ұрып тастауға болар еді. Оны Санкт-Петербург қаласындағы жарыста өз елінде жеңген еді. Бұл жерде тағы айтарым, Олимпиадада психологиялық тұрғыда өз-өзін ұстай алмады, сөйтіп жеңілді. Өте өкінішті. Бірақ Қазақстаннан әлі төрт бокшысы шығады. Сондықтан қалған боксшыға сенім артамыз және әлі де Қазақстан боксшылары алтын-күміс әкеледі деген сеніміміз мол", – деді Ибраимов.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанның бокс федерациясы Токиодағы Олимпиада ойындары жайлы мәлімдеме жасаған еді. 


"КСРО-ның деңгейінде қалып қалғанбыз": Елеусінов пен Сәпиев Токиодағы боксшылардың жеңілісі жайлы пікір білдірді

Талқылау