Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда шетелден әкелінген телефондар бұғатталып жатыр: Сатушылар Үкіметтен араша сұрады

Фото: Информбюро

Қазақстанда шетелден жеткізілген ұялы телефондарды тіркеу мәселесі ушығып тұр. Кәсіпкерлердің айтуынша, Ресей, Қырғызстан және Өзбекстаннан әкелінген смартфондардың IMEI-кодтары жүйе арқылы қабылданбай, біртіндеп бұғатталып жатыр. Жаңа құрылғылар ғана емес, бірнеше жыл бұрын сатылған телефондар да істен шығып, тұтынушылар тарапынан шағым көбейген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Информбюроға” сілтеме жасап хабарлайды.

Сатушылардың сөзінше, шетелден әкелінген құрылғыларды міндетті түрде IMEI арқылы тіркеу талабы енгізілгелі бизнес өкілдері тығырыққа тірелген. Құрылғыларды заңдастыруға өтініш бергенімен, көп жағдайда жүйе оларды қабылдамайды немесе жауап кешігіп келеді.

Кәсіпкерлер верификация рәсімі тегін болғанымен, оның процесі күрделі екенін айтады. Салдарынан кейбірі тіркеуді жеделдету үшін үшінші тұлғаларға 30-50 мың теңге төлеуге мәжбүр. Бұған қоса, жаңа талап күшіне енбей тұрып сатып алынған смартфондардың өзі қайта тіркеуді сұрап, қолданушыларды әбігерге салған.

“Осы заң былтыр 2025 жылы 25 наурызда шықты. Ал оның алдында сатылған телефондарда адамдар 1 ғана сим-карта салып жүрген. Мысалы актив. Ол адам енді екінші нөмір алды. Енді соны телефонға салған кезде ол верификация сұрап жатыр. Тіркелмесең телефон сұр тізімде, 1 айдан соң бұғатталады, сим-карта оқымайды дейді. Осы жағдайда мысалы халық не істейді?!” – дейді сатушы Ғабит Әбілдаев.

Тұрғындар да мәселенің салдарын тартып отыр. Кейбірі қымбатқа алған телефондарының аяқ астынан бұғатталғанын айтып, қайда жүгінерін білмей дал. Мемлекеттік органдар мен сауда орындары жауапкершілікті бір-біріне сілтейтінін жеткізеді.

“Екі балама 2023 жылғы екі телефон алып берсем екеуі де блокқа кетті. Верификация жаса дейді. ЦОН-ға келсем біз жауапты емеспіз дейді, ЦУМ-ға келсем біз істемейміз дейді. Біреуін 300 мыңға алдым, біреуін 150 мыңға алдым. Екеуі де блокқа кетті”, – дейді сатып алушы Динара Сәменова.

Қазақстанда телефондарды тіркеу жұмыстарын ATS Mediafon KZ компаниясы жүргізеді. Компания өкілдері құрылғылар шығарылған елге байланысты бұғатталмайтынын мәлімдеді. Олардың айтуынша, басты талап – телефонның елге заңды жолмен әкелінгенін растайтын құжаттардың болуы. Кедендік рәсімдеусіз және тиісті төлемдерсіз енгізілген тауарлар тіркеуден өтпейді.

“Жеке тұлға телефонын тегін тіркейді. Ал кәсіпкерлер 1 құрылғы үшін 4 мың 325 теңге төлейді”, – ATS Mediafon KZ ЖШС коммерциялық директоры Мәди Шерім.

Қазір қанша телефонның IMEI-коды тіркелмей қалғаны туралы нақты дерек жоқ. Наразы кәсіпкерлер бұл жұмысты жеке компания емес, мемлекеттік орган жүргізуге тиіс деп санайды. Ал тіркеуге жауапты ұйым бизнес өкілдерімен диалог жүргізуге дайын екенін мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандықтар жаңа ережеден кейін смартфондарды қалай және қайдан сатып ала алатыны хабарланған еді.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 24 Ақпан, 2026 10:48