Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда поезд ішінде жолсеріктер жас ананы босандырып алды

Ганюшкин елді мекенінен Атырауға жолға шыққан әйелді жолсеріктер “Астрахан-Атырау” бағытындағы поезда босандырып алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап.

поезд

Ганюшкиннен Атырауға жолға шыққан Кенжегүл Қайырболатова 626-шы “Астрахан-Атырау” поездының бесінші вагонында таңғы бестер шамасында толғағы басталған. Пойыз бастығы Сәуле Ілиясова бастаған жолсеріктер қажетті шараларды қабылдап, нұсқау бойынша машинистке хабар беріп, жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем бригадасын шақыртқан.

Жедел жәрдем келгенше босанған әйелге жолсерік Мырзагүл Қаражігітова, Марияш Уразғалиева мен Лаура Камалова қажетті көмек көрсеткен. Сағат 5:30-да вагонда жас ана қыз баланы аман-есен дүниеге әкелді.

Сәуле Ілиясованың айтуынша, ол жолаушылар тасымалы саласында 15 жыл жұмыс істесе де мұндай жағдайға алғаш рет тап болған.



"Біздің компания бізге стандартты емес жағдайларда қалай әрекет ету керектігін үйретеді және біз жолаушыларға әрқашан көмектесуге дайынбыз", - деді пойыз басшысы.

Атырау станциясына келген соң жаңа туған сәбиді анасымен бірге жедел жәрдем қызметкерлері қабылдап алды. Кенжегүл Қайырболатова көмек көрсеткен көлік компаниясының қызметкерлеріне алғысын білдірді.

"Мен ең алдымен сәбиім үшін қорықтым. Осындай жағдайда қол ұшын созып, жалғыз қалдырмаған барлық пойыз қызметкерлеріне үлкен алғысымды білдіргім келеді. Енді қызым өскенде осы оқиғаны айтып отыратын боламын", - деп бөлісті әйел.

Талқылау