Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізілді – Тоқаев

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы ассамблеясының "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" атты ХХХІІІ сессиясының отырысы басталды. Президент еліміздің бірқатар өңірінде су тасқыны салдарынан қалыптасқан күрделі жағдайды ескере отырып, биылғы сессияны онлайн-форматта өткізу туралы шешім қабылдаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы халқымыз өте ауыр сынаққа тап болғанын атап өтті.

“Қазақстан аумағының жартысын тасқын су басып қалды. Еліміздің мызғымас бірлігі осы қиын күндерде айқын көрінді. Құтқарушылар, волонтерлер, мемлекеттік қызметкерлер, сарбаздар, тәртіп сақшылары, қоғам белсенділері, бизнес өкілдері және жастар – бәрі бірге жүр. Ортақ істен ешкім шет қалған жоқ. Бүкіл аймақта қоғамның барлық өкілдері бір кісідей жұмылды. Отандастарымыз зардап шеккен жандарға жаппай қол ұшын созды. Бір-біріне шынайы жанашыр болды. Мен қарғын сумен күресуге зор үлес қосқан нағыз отаншыл азаматтарға шексіз ризамын”, – деді ол. 

Сонымен қатар Тоқаев сын сағатта жұрт болып жұмылғанымызды тілге тиек етті. Үкімет, мемлекеттік органдар, құзырлы мекемелер және еріктілер бірлесе жұмыс істеді. Соның арқасында 119 мыңнан астам адам дер кезінде қауіпсіз жерге көшірілді. Оның 45 мыңға жуығы – балалар. Ең бастысы, біз адам өмірін барынша сақтап қалдық. 

Ол кезінде бір ғана бөгеннің бұзылуы үлкен қайғылы оқиғаға әкеп соқтырғанын айтты.

“Мен жағдайды бақылауда ұстау үшін бірқатар аймақта болдым. Тұрғындармен арнайы кездестім. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдар апат салдарын жоюға бар күшін жұмсап жатыр. Жағдайдың одан әрі ушығып кетпеуі басты назарда. Құтқарушылар күндіз-түні жұмыс істеп жүр. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Қарулы күштер, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы да белсене атсалысып жатыр.

Менің тапсырмаммен мемлекеттік материалдық резервті пайдалануға рұқсат берілді. Республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істеп жатыр. Қоғам белсенділері және волонтерлер гуманитарлық көмек жинауды қолға алды”, – деп атап өтті мемлекет басшысы. 

Сонымен қатар президенттің сөзінше, халқымыздың ынтымағы мен жоғары азаматтық жауапкершілігі осы кезде айқын көрінді.

“Бірқатар аймақтар инфрақұрылымды және бүлінген үйлерді қалпына келтіруге кірісіп кетті. Бұл шаруаға ірі бизнес өкілдері қосылды. Қоғам белсенділері де зор үлес қосып жатыр. Еліміздегі компаниялар, жеке кәсіпкерлер түрлі көмек қорларына қомақты қаржы аударды. Қаражат күн сайын түсіп жатыр, көмек қоры ұлғаяды деп сенемін. Кәсіпкерлерге зор алғыс айтамын. Болашақта да халқымыздың игілігі үшін бірге жұмыс істейміз деп сенемін.

Жиналған қаражат елді мекендерді қалпына келтіруге жұмсалады. Сондай-ақ апаттың кесірінен қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек ретінде беріледі. Ешкім елеусіз қалмайды. Мемлекет шығынды түгел өтейді. Тасқынның зардабын жою үшін бюджет шығыстары қысқартылады. Мемлекет қаржысын қатаң үнемдеу режимі енгізіледі.

Әрине, маңдай термен тірнектеп тапқан дүние-мүлікті бір сәтте жоғалту оңай емес. Мен мұны түсінемін. Зардап шеккен азаматтарға тағы да айтамын: бүкіл халық сіздермен бірге. Көп ұзамай баршаңыз қалыпты өмірге қайта ораласыздар. Ол үшін мемлекет бәрін жасайды”, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Кеше Тоқаев Қазақстан халқы ассамблеясы төрағасының екі орынбасарын қызметінен босатқан еді. 

Талқылау