Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда енді адам аңдығандар қылмыстық жазаға тартылады

Депутат Абзал Құспан адамды аңдитындар қылмыстық жазаға тартылатынын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Shutterstock

Сталкинг бойынша норма Қылмыстық кодексті оңтайландыру туралы заң жобасына енгізіліп, оны жұмыс тобы қабылдады. Депутат Абзал Құспан келесі аптада құжат палатаның қарауына берілетінін айтады.

"Арнайы "сталкинг" деп аталатын бап қылмыстық құқық бұзушылық ретінде қарастырылып жатыр. Құжатты келесі аптада немесе арғы аптада екінші оқылымға шығару жоспарланып отыр. Бұл қылмыстық құқық бұзушылық үшін айыппұл түріндегі санкция ұсынылып отыр", — деді Абзал Құспан. 


Аңду мен қоқан-лоқыға ұшырағандар қалай қорғана алады: Мамандар аталмыш әрекетке жаза қарастырылмағанын айтты


Депутаттың айтуынша, мұндай құқықбұзушылыққа бұдан ауыр жаза берілмейді. Журналистер халық қалаулысынан сталкерлер үшін не себепті ауыр жаза енгізілмейтінін сұрады. 

"Біздің мақсатымыз — жаңа нормаларды қылмыстық кодекске енгізгенде өте сақтықпен әрекет ету. Құқықтық жаза қолдану практикасын, тергеу практикасын, сот тәжірибесін қарастыру қажет және осы тәжірибелерді зерттеп, талдау нәтижесінде жазаны қатаңдатуды қарастыруға болады. Бұл адамдардың тағдыры. Кенеттен мұндай шешімдер қабылдауға болмайды", — деп түйіндеді мәжілісмен.

Сталкинг — бұл бір адамның немесе топтың басқа бір адамды қалауынсыз, үнемі мазалауы. Бұл қорлау мен қорқытудың бір түрі десе де болады. Әдетте, сталкинг құрбанының артынан аңду, оның өміріне араласу, бақылау жасау арқылы көрініс табады. Мұндай іс-әрекеттер адамның психологиялық жағдайына қатты әсер етіп, оған қауіп төндіреді.

Талқылау