Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда 18 жасқа дейін әр балаға ақша төлеп тұратын жаңа жәрдемақы енгізіле ме?

Жақында "Ауыл" халықтық-демократиялық партиясы балаларға туғаннан бастап 18 жасқа дейін әлеуметтік жәрдемақы тағайындау туралы бастама көтерді. Бұл ретте ата-ананың әлеуметтік мәртебесі есепке алынбауы тиіс. Stan.kz тілшісі осы тақырып аясында мәселені тарқатып көрген еді. 

мама

"Мемлекеттік органдарда ретке келтіруді қажет етіп тұрған көп қаржы бар. Қоғамда таза әлеуметтік әділдік орнауы үшін, балалар үшін осы қаржы жүйесін ретке келтіру керек. Баланың өмірге келген сәтінен бастап кәмелеттік жасқа толғанға дейін жәрдемақымен қамтамасыз ететін әлеуметтік қолдаудың бірыңғай стандарты қабылдануы тиіс", - деді партия төрағасы Әли Бектаев. 

Төрағаның айтуынша, ол үшін бүкіл әлеуметтік төлемдерді біріктіретін бірыңғай әлеуметтік қор құрылуы тиіс. 

"Сол кезде ненің артық, ненің жетпей тұрғаны белгілі болады. Ішкі резервтен қосымша қаржы табуға болады. Жалпы, Қазақстанның әлеуметтік саясаты жаман емес. Қазақстан – халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерін орындай алып отырған бірден бір ел. Дегенмен бұл тұрғыда қиындықтар да баршылық. Ақша қаншалықты көп бөлінген сайын, көңіл толмаушылық та соншалықты көбеюде. Демек, бір нәрсені дұрыс істемей отырмыз деген сөз. Кедейлер саны артып, ажырасқандар, мүгедек балалар, қарттар саны өсіп жатыр. Сондықтан нағыз мұқтаж жандарға көмек бере алатын пайдалы әлеуметтік саясат қажет", - дейді Бектаев. 

Бұл орайда партия арнайы әлеуметтік саясат тұжырымдамасын да әзірлеген. Ол жерде заң шығару қызметінен бастап материалдық көмекке дейінгі мәселелер қамтылған. Дегенмен концепция әлі талқылау кезеңінде.

"Шамамен екі ай көлемінде біз ортақ шешімге келеміз деп ойлаймын. Одан соң дайын жоба үкіметке жолданады. Әлеуметтік саясат реалды, объективті және пайдалы болуы керек. Әлеуметтік саясаттың басты міндеті – адамдардың алға ұмтылуына, жұмыс істеуіне сеп болу, көмектесу", - дейді партия басшысы. 



Алайда әлеуметтанушы Айсұлу Молдабекова саясаткер жасаған ұсыныспен келіспейді. Оның айтуынша, балаларды қолдау тұрғысында ақшалай емес, арнайы механизмдер енгізу керек.  

"Ауыл" партиясының бұл ұсынысы үкіметтен қолдау табады деп ойламаймын. Себебі онсыз да бюджеттік әлеуметтік сала шығындары артып келе жатыр. Менің ойымша, 18 жасқа дейінгі балалалды қолдау бойынша ақшалай емес, арнайы механизмдерді ұсынар едім. Баланың сапалы білім алуынан бастап, мектепте тамақтануы, жол шығыны, қабілеттерін ашатын қосымша үйірмелерге қатыса алуын қамтамасыз ету керек. Және мұның бәрі тегін болуы тиіс. Мұндай қосымша көмектің барлығы баланың толыққанды азамат болып жетілуіне көмектесер еді. Жәрдемақы проблеманың бәрін түбегейлі шешпейді. Ақша төлеп отырғанымен мектепте ыстық тамақ ұйымдастырылмаса, спорт, өнер, қолөнер, басқа да түрлі салалар бойынша курстар ашылмаса, бәрі бекер. Әсіресе, бұл ауылдық жерлерге қатысты", - дейді маман. 

Айсұлудың айтуынша, жәрдемақыны көбейту – мәселені шешпейді, керісінше дамуды тежейді.  

"Бізде әлеуметтік саясат экономикалық саясатпен байланыспаған. Әрқайсысы өз алдына жасалады. Дәл қазір біз әлеуметтік саясаттың белсенді моделін жүргізіп жатырмыз. Елімізде түрлі еңбек біліктілігін арттыратын, үйрететін курстар ұйымдастырылып жатыр. Жыл сайын мыңдаған адам сол курстар негізінде білім алып, мамандық игереді. Алайда нарықта сол мамандар барып орналасатын бос жұмыс орындары жоқ. Экономикалық саясатымызда жаңа бос жұмыс орындарын ұйымдастыру әлі де төмен деңгейде. Сондықтан қанша жерден белсенді әлеуметтік саясат жүргізгенімізбен экономикалық жағынан оның қолдаушы механизмі болмаса, онда әлеуметтік саладағы бастамалардың тиімділігі өте төмен болады. Біз халықтың табысын, кірісінің көлемін мемлекеттік жәрдемақылар арқылы емес, адамдардың қосымша жұмыс істеп, өздері таба алатындай қылып жағдай жасауымыз керек. Экономикалық негіз мықты болмай әлеуметтік сала ешқашан да алға баса алмайды. Жәрдемақыны көбейту – алға басу, дамуға жол ашу емес, бір жерде тұрып қалумен тең", - дейді ол. 

Әлеуметтанушының сөзінше, карантин екен деп жәрдемақы төлей берудің еш мәні де, пайдасы да жоқ. Өйткені пандемияның қанша уақытқа созыларын ешкім де тап басып білмейді. Ал бұл ұлттық қорға үлкен соққы болып тимек. Сондықтан мемлекет бюджеттен ақша бөле бермей, азаматтардың еңбек етіп табыс табуына жағдай жасап беру керек, дейді сарапшы. 

Еске салайық, Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бірқатар әлеуметтік жәрдемақы мөлшері көбейді. Атап айтсақ, төрт баласы бар отбасыларға – 42 496 теңге, бес балаға – 53 127 теңге, алты балаға – 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге төленеді. Атаулы әлеуметтік көмек те тоқсан сайын тағайындалып жатыр. 

Бала тууына байланысты берілетін бір реттік жәрдемақыға байланысты: бірінші, екінші және үшінші балаға – 100 738 теңгеге дейін (38 АЕК), төртінші баладан бастап – 167 013 теңгеге дейін (63 АЕК) артты. 

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері жұмысынан айырылғаны үшін 70,6 мың адам әлеуметтік төлем алған. Қыркүйек айының өзінде 10 мыңға жуық азаматқа осы төлем тағайындалған. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес жұмыстан босатылған қызметкерлер міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне және соңғы 24 айдағы табысына байланысты 1 айдан 6 айға дейін жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтік төлемдер алады. Төлем жоғалған кірістің 40 пайызына дейінгі мөлшерде МӘСҚ қаражаты есебінен жүзеге асырылады.

 

Дайындаған Абай Аймағамбет

Талқылау
Пікір
Жулдыз
30 Қаз, 20 жыл - 22:44

Салеметсиздерме ме мен уш баланын анасымын бир ул егиз кызым бар,ажыраскам Куйеуим алимент толемейди жазгдайым нашар квартира да турам Асханада посуда жуамын Бир улым оз еркимен куйеуиме калдыргам,егиз кызым интернатта окиды инвалид жасата алмай отырмын шамам жетпейди Жастары 10да али сойлеу менгеру кабилеттери нашар нестесем болады Алдын ала рахмет Алла разы болсын!

Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр