Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан Сирияға гуманитарлық көмек жіберді

Қазақстан Сирияға 50 тонна гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл туралы Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 


"Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі жойқын жер сілкінісінен зардап шеккен Сирия халқына гуманитарлық көмек көрсетеді. Көмек Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының желісі бойынша Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында берілетін болады. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 160 млн теңгеден астам сома бөлінеді. Жалпы салмағы 50 тонна азық-түлік, жылы киім, шатырлар мен төсек-орын жабдықтары түріндегі көмек Қазақстан Республикасы арнайы әуе кемелерімен Сирия Араб Республикасының аумағына жеткізілетін болады”, - деді Айбек Смадияров. 

Оның сөзінше, бүгін бірінші ұшақ Алматы қаласынан Сирияға ұшып шықты. Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымының басшылығы Қазақстанның Ливандағы Елшілігі мен Қазақстанның Сириядағы консулдығының көмегімен Алеппо қаласына гуманитарлық жүкті жеткізіледі. 

“Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам ұйымы – толыққанды халықаралық ұйым мәртебесімен өзіндік халықаралық құқық субъектілігі бар, Ислам ынтымақтастығы ұйымының мамандандырылған институты. Ол Қазақстан Республикасының бастамасымен 2011 жылы құрылған, штаб-пәтері Астанада орналасқан", - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

Бақытнұр Шерикбай
Жұма, 10 Ақпан, 2023 16:49
Талқылау