Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы туристік пойыз Наурыз мерекесіне орай іске қосылады
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тағы бір трансшекаралық туристік сапар Наурыз мейрамына орай ұйымдастырылады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Газета.uz
Мәліметтерге сенсек, Jibek joly пойызының жолаушылары Наурыз мерекесін екі елде атап өте алады. Үшінші трансшекаралық сапар 2025 жылдың 20-25 наурызына жоспарланған. Бұл жолы теміржол бағытына Тараз қаласы енгізілді. Алматы-Түркістан-Ташкент-Самарқан-Тараз-Алматы бағыты бойынша халықаралық турдың ұзақтығы бес күн болады.
"Саяхатшылар көне қалалардың атмосферасына еніп, Жібек жолының рухани мұрасымен таныса алады, екі елдің көрікті жерлерін тамашалайды. Сондай-ақ олар шығыстық қонақжайлықтың ерекше атмосферасын сезінеді", – делінген Kazakh Tourism хабарламасында.
Тур бағдарламасы этноауылдағы мерекелік шараларды қамтиды. Оған концерттік бағдарлама, ұлттық салт-дәстүрлерді көрсету және дәстүрлі тағамдардан дәм тату кіреді. Сонымен қатар тур аясында кәсіби гидтің сүйемелдеуі, заманауи вагондарда жайлы тұру, тамақтану және экскурсиялар қарастырылған. Турпакеттерді туристік агенттіктерден сатып алуға болады.
2024 жылдың қараша айынан бастап Алматы-Түркістан-Ташкент-Алматы бағыты бойынша алғашқы теміржол турының сатылымы басталды. Бұл бағдарлама аясында Түркістан мен Ташкенттің көрікті жерлерін аралау жоспарланған. Сондай-ақ туристер Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі – Отырарға, Арыстан баб кесенесіне және "Қожа Ахмет Ясауи" тарихи-мәдени қорық-музейіне бара алады.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда пойызды өзгертпей, ауысып отыруға билет сатып алу мүмкіндігі пайда болды. Қазақстан темір жолы компаниясы "Пойызға ауысымсыз билет" қызметі сайтта қолжетімді екенін мәлімдеді. Бұл қызмет жолаушыларға бір поезда ауысыммен билет сатып алуға мүмкіндік береді.