Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Елімізде азаматтарды Оңтүстік Кореяға жұмыс істеуге жіберу үшін Сапар орталықтары ашылады

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көші-қон комитетінің төрағасы Асқарбек Ертаев Қазақстан азаматтары Оңтүстік Кореяда неше жылға дейін заңды түрде жұмыс істей алатынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Асқарбек Ертаевтың айтуынша, азаматтарымыз Оңтүстік Корея аумағында олардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қорғау кепілдігімен 3 жылға дейін заңды түрде жұмыс істей алады. Комитет төрағасы қазіргі уақытта Оңтүстік Кореяда жұмыс істеуге рұқсат беру жүйесін енгізу бойынша тиісті шаралар қабылданып жатқанын айтты.

“Осы айдан бастап қазақстандықтарды аталған елге жіберуге арналған Сапар орталығын ашу жұмыстары басталған. Орталықтың негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерге тілдік курстарды оқыту, корей тілінің тестілеуі, біліктілігін арттыру. Осы Сапар орталығы арқылы Қазақстан азаматтары үш жылға дейін жұмыс істей алады”, – деді көші-қон комитетінің төрағасы ОКҚ алаңында өткен брифингте.



Асқарбек Ертаев мәлімдегендей, қазіргі уақытта еңбек көші-қоны саласында 10 келісім қолданыста бар.

“Олар ҚХР, Оңтүстік Корея, Вьетнам, ТМД елдері, Қырғызстан, Тәжікстан елдерімен. Бұл келісімдерде Қазақстан азаматтарының болуы осы елдерде мен еңбек қызметі мәселелері реттелген”, – деді ол.

Сондай-ақ шетелде қазақстандықтардың еңбек және әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз ету бөлігінде 8 жаңа үкіметаралық келісім әзірленген.

“Шығыс Қазақстан облысында осы айдан бастап сапарға дейінгі орталық құру жұмыстары басталды. Орталықтың негізгі міндеті – Оңтүстік Кореяда жұмысқа орналасқысы келетін үміткерлерді тілдік курстарда оқыту, корей тілін білуге тестілеу, біліктілігін арттыру”, – деді комитет басшысы.

Талқылау