Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан аруы-2023" сұлулық байқауының жеңімпазы анықталды

Алматыда "Қазақстан аруы-2023" ұлттық сұлулық байқауының финалы өтті. Алматылық Сабина Ыдырысова сұлулық тәжін иеленді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Байқау Алматыдағы Республика сарайында өтті.

Жеңімпаздың тәжі мен Қазақстанның бірінші аруы атағын иелену үшін 25 бойжеткен бақ сынасты. Байқауға қатысуға жалпы саны 17 мыңнан астам қазақстандық қызк өтініш білдірген.

Байқау биыл "Болашақты қорғаймыз" ұранымен өтіп, қоршаған ортаны қорғау және күнделікті өмірімізде нейрондық желілер мен жасанды интеллектті дамыту мәселелеріне арналды. 

Қазылар алқасының құрамында Айдай Исаева, Томирис Кәкімова, Еркебұлан Тоқтар, Жания Джуринская, қырғыз дизайнері Арзубек Вонама, Анжела Пересыпкина және Мадина Сәдуақасова болды.

Жыл сайынғы дәстүр бойынша финалдық шоудың көрермендері лайық көрген аруға дауыс беріп, қатысушыны "Көрермен көзайымы" номинациясымен марапатталады. Бұл атақты Аделина Балғымбаева иеленді.

Фото: stan.kz

Қазылар алқасының шешімімен 21 жастағы алматылық қатысушы Сабина Ыдырысова "Қазақстан аруы-2023" атанды.   

“Жеңіске жетемін деп мүлде ойламадым. Себебі барлық қатысушылардың бәрі сұлу және лайықты болды. Толқып тұрмын. Алдағы уақытта моделдік жұмыстарымды дамытып, актерлік бағытында да өзімді сынап көргім келеді. Жеңіске жеткеніме қуаныштымын”, – деді Сабина Ыдырысова. 

Фото: stan.kz

Үздік бестікке кірген Ботагөз Нұржігітова "Қазақстанның вице аруы-2023" атағын, Аяулым Әлімхалиева "Қазақстан жер аруы-2023" атағын, Мадина Әлмұханова "Қазақстан Әлем аруы-2023" атағын иеленді. 

“Қазақстан аруы” байқауының директоры Айдай Исаева барша қатысушылардың дайындығының мықты болғанын алға тартты. 

Фото: Stan.kz

“Бұл күн мен үшін де толқынысқа тол күн. Биыл осы байқауға қатысып, жеңіске жеткеніме 10 жыл толыпты. “Қазақстан аруы” бұл ғаламдық сұлулық сайысында елімізді көрсететін үлкен байқау. Қыздардың бәріне сәттілік тілеймін”, – деді Айдай Исаева.

Байқау жеңімпазы Қазақстан атынан "Әлем аруы" байқауына қатыса алады. 

Талқылау