Қазақстанға Pfizer вакцинасының жаңа партиясы жеткізілді
18 қараша күні Алматыға Pfizer (Comirnaty) компаниясы шығарған COVID-19-ға қарсы вакцинаның екінші партиясы жеткізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл жолы вакцинаның 266 760 дозасы жеткізілген.
"Біріңғай дистрибьютор Pfizer компаниясымен келіссөздер жүргізгеннен кейін 4 миллион 230 мың доза вакцина сатып алған болатын. Вирусқа қарсы препаратты американдық Pfizer компаниясы мен немістің BioNTech технологиялық компаниясы әзірледі", – деп хабарлады денсаулық сақтау министрлігі.
Вакцина еліміздің аймақтарына жөнелтілді. Комирнат вакцинасы тікелей облыстық денсаулық сақтау басқармаларының қоймаларына жеткізіледі.
“Вакциналарды тасымалдау "суық тізбек" принципі бойынша жүзеге асырылады, яғни әр кезеңде температуралық режимнің қатаң сақталуы қамтамасыз етіледі”, – деп қосты ведомство.
Қазақстанда 12 қарашадан бастап Pfizer вакцинасымен вакциналау басталды.
Pfizer бірінші партиясы 379 мың дозада келді, ол балалар мен жасөспірімдерге, бала емізетін және жүкті әйелдерге арналған.